СҚО-да күнбағыс майын өндіретін зауыт жұмысы қайта жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да күнбағыс майын өндіретін зауыт жұмысы қайта жанданды

08.06.2018

Солтүстік Қазақстан облысында тұралап қалған зауыт қайта іске қосылды. Күнбағыс, рапс майын өндіретін кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік тойына тарту етілген еді. Алайда, рапс қалдықтарын уақытылы экспорттай алмағандықтан, зауыт жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Енді алып өндіріс жылына 300 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды өндіреді деп жосапрланған.

Зауыттағы жұмыс енді жандана бастаған. Қазір мұнда күніне мың тонна шикізат өңделеді. Өңделген өнімнің 30 пайызынан май алынады. Зауыттағы жұмыскерлердің 90 пайызы жергілікті халық.

Берген Тахар, «Тайынша май» ЖШС операторы:

- «Тайынша Май» зауыты ашылғалы бері ауыл тұрғындарына жақсы болды. Жұмыссыз отырғандардың бәрі жұмысқа орналасты. Жағдайымыз, жалақымыз жақсы, уақытымен төленеді. Өзім оператор болып жұмыс істеймін.

Майлы дақылдың қалдықтарын да пайдаға асыратын кәсіпорынға тек сұйық майды саудалау тиімсіз. Рапс қалдықтарына Қытай қызығып отыр. Көрші ел одан көлік панельдерін жасайды. Алайда, қазір шикізатты шекара асыруға рұқсат жоқ.

Самат Сапаралы, тілші:

- Мынау мен алып келе жатқан шемішкеден қалған жом, яғни, оның майынан қалған қалдықтары. Оны мына қоймада сақтайды, қазірге мұны Қытайға апаруға келісім жоқ, алайда, бұл мәселе жақын арада шешімін таппақ.

Зауыт тоқтап тұрған кезде қоймада 300 мың тонна күнжара сақталған. Бірақ, өндіріс орны шығынның орнын толтыру үшін 100 мың тонна қалдықты Ресейге арзан бағамен өткізіпті. Енді табыс көзі молаятын түрі бар, себебі, өнімді Қытайға экспорттауға мүмкіндік тауып отыр.      

Фан Лунг Фэй, «Тайынша май» ЖШС бас директоры:

- Жақында Қазақстан мен Қытай Үкіметінің арасында келісімшартқа қол қойылды. Оған сәйкес, тамыз айында біз рапс күнжарасын шекара асыруға рұқсат аламыз. Биыл 60 мың тонна сұйық майды Қытайға жібереміз деп жоспарлап отырмыз.

Зауыт қажетті шикізатты Павлодар, ШҚО және Ресейден сатып алады. Өндіріс өркендесе, алдағы 5 жылда кәсіпорын жанынан ет комбинаты мен сүт зауытын тұрғызу көзделген.

 

Самат САПАРАЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу