Петропавлда құлаған үй тұрғындарды басып қала жаздады
Петропавлда тұрғын үйдің қабырғасы опырылып құлады. Төтенше жағдай түнгі екіде болды. Тұрғындар аман. Апатты үйден әзірге бір тұрғын ғана қауіпсіз жерге көшірілді. Қалған бірнеше отбасыға көмек қолын созған ешкім жоқ. Амалы таусылған азаматтар қабырғасы қақыраған үйдегі баспаналарын тастап кете алмай, шарасыз күйде қалды.
Самат Сапаралы, тілші:
- Уральская 3 мекенжайындағы қос қабатты үйдің апатты деп танылғанына 4 жылдың жүзі болған. Алайда, әкімдіктен амал болмаған соң, тұрғындар құлайын деп тұрған дәліздерін ағашпен тіреген.
Тұрғын үй осыдан 60 жыл бұрын салынған. 8 пәтерлі баспананың жөндеу көрмегеніне жарты ғасырдан асқан. 2014 жылы апатты деп танылғанымен, қарекет қылған ешкім жоқ. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда қабырға құлағанымен, тұрғындар зардап шекпеді.
Наталья Емельянова, апатты үй тұрғыны:
- Түнде қабырғаның құлаған дауысынан шошып ояндық. Барар жеріміз болмаған соң, құжаттарымыз бен киімдерімізді жинап, таңның атқанын күттік. Бұған дейін қала әкімінің орынбасарына кіріп жалбарындық, «бос баспана жоқ, күтіңдер», - деді. Мен екінші қабатта тұрамын, жаңбыр жауған сайын шатырдан су ағады.
Гүлжан Ілиясова, апатты үй тұрғыны:
- Өзім үшін емес, балаларым үшін қорқамын. Тастардың төгіліп түсіп жатқаны күнде байқаймын. Қыста үйіміз суық, кішкентайларым көп ауырады. Түндегі оқиғадан кейін балаларымды туыстарыма апардым. Апатты үй тізіміне 4 жыл бұрын 47-ші болып тұрдық, кезек әлі орнынан жылжыған жоқ.
Әкімдік қызметкерлері зейнет жасындағы бір тұрғынды ғана жатақханаға орналастырған. Қалған бірнеше отбасының барар жері жоқ, сондықтан, олар жандарын шүберекке түйіп, апатты үйде әлі тұрып жатыр.
Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
- Қалған 4 отбасының да мәселесін шешудеміз. Оларға заң бойынша кезектен тыс баспана бере алмаймыз, бірақ, уақытша пәтер жағын қарастырып жатырмыз. Жағдай қала әкімінің бақылауында.
Іргелес орналасқан 8 пәтерлі тағы бір баспана құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Қалада осындай тозығы жеткен тағы 19 үй бар. Ондағы тұрғындарды көшіре қоятын тұрғын үй қорында әзір баспана жоқ.
Самат САПАРАЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы