Оралда мұнай-химия кешені салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда мұнай-химия кешені салынады

06.06.2018

Әуежай терминалы жаңғыртылып, жаңадан рейстер ашылады. Азнабай-Тайпақ каналы жөнделеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы облыс әкімі Алтай Көлгінов «Әкім сағаты» бағдарламасында айтты. Жайық өңірінің экспорттық әлеуеті зор. Өткен жылы 2 мың тонна ет шет елге шығарылса, биыл сол межеден түспеу көзделген. Қытаймен арадағы келіссөздер соның дәлелі. Аймақтағы құрылыс қарқыны да қуантады. Былтыр 1500 отбасы баспаналы болды. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 42 пайызға жеткен. Бұл Астанадан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Аймақ басшысы өңірдегі өндіріс орындарының жағдайына тоқталды. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға тапсырып беріп, тамырына қан жүгірту өзекті. Сондай-ақ, биыл Махамбет пен Исатай батырларға арнап ескерткіш соғылады. Екі сағатқа созылған тікелей эфир кезінде  тұрғындардан 300-ден астам сұрақ түсті. Дені әлеуметтік мәселелер. Жәнібек пен Бөкей Орда аралығында жол құрылысының қашан басталатаны көпті толғандырады.  

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Бөкей Ордасы, Сайхынға жету үшін 310 шақырым жол бар. Соның 35 шақырымы биыл басталады. Конкурс жарияланды, мердігер белгіленді, жұмыстар маусым айында басталып кетті. Толық 275 шақырымға жобалық-сметалық құжаттама биыл жасалынып, экспертизадан өту керек. Сонда біз келесі жылы бастаймыз. Бұл Үкіметтің бақылауында. Президент тапсырмасы бекітілді.

 

Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу