Басты Жаңалықтар Астанадағы бірнеше азамат бірлесіп 30 күн бойына 3 мың студентке ауызашар беруге бекінген

Астанадағы бірнеше азамат бірлесіп 30 күн бойына 3 мың студентке ауызашар беруге бекінген

Ораза басталғалы жұртшылық жақсылық жасап жарысып жүр. Әркім қолынан келгенше қолғабыс етіп, қайырымдылық көрсетеді. Ал Астанадағы бірнеше азамат бірлесіп 30 күн бойына 3 мың студентке ауызашар беруге бекінген. Әзірге жоспарларын артығымен орындап келеді. Олар өздерінен бөлек, қолдау білдіретін кез келген адамды сауапты іске жұмылдыруға дайын.

Елордалық студенттер Рамазан кіргелі бір үйдің баласындай ауыз ашуды әдетке айналдырды. Олар кешкі сағат тоғыздан қалмай тамақтану орнын толтырады. Мұнда алғашқы күннен-ақ келіп жүргендер, қатарға жаңадан қосылғандар да бар.

Әлішер Смайылов, студент:

- Алғашында достарым шақырды. «Көпшілікпен бірге ауыз ашайық», - деді, бардым өте әсерлі, кітап таратып жатыр екен.

Иә, дастарханға жайғаспас бұрын көзің бірден «Рамазан Challenge» деген жазуға түседі. Қораптың ішінде әр күні әр тақырыптағы кітап болады. Яғни, студенттер келген сайын қарындарын тойдырып және қойындарына бір-бір оқулықтан қысып қайтады.

Мұрат Даниярұлы, студент:

- Жақсы жасалған деп ойлаймын. Осы ауызашар беріп жатқан кісілерге алғысымыз шексіз. Түрлі университеттерден студенттер келіп жатыр. Дастархан басында бір-бірімізбен араласып, жақсы әңгімелер айтып, танысып жатырмыз.

Игі істі қолға алған азаматтар күніне ең азы 100 адамға шақталған дастархан жаюы тиіс. «Егер сауапты іске ортақтасамын деушілер болса, бетін қақпаймыз»,-дейді. Тек студенттерге ауыз аштыратын мұндай орын қалада екі жерде бар. 

Амандық Дәулетбекұлы, кәсіпкер:

- Студенттер бір-біріне жақсылық жасаумен, ізгілік жасаумен айналысатын топпен аралассын, бір-бірімен таныссын деген мақсатта осы шараны бастадық.

Ауыз аштыру – мол сауап. Мұнымен қоса, бірлікке үндейді. Ал күн сайын кемінде жүз адам жүзбе-жүз отырып ауыз ашса, бір айда 3000 жан жолдас болады. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу