Әзірге, еліміз осы мақсатты көздеген «Ақылды әрі қауіпсіз қала» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруда. Бұл туралы шаһар басшысы Әсет Исекешев «Астана – бейбітшілік қаласы» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлімдеді. Бес құрлықтың белді сарапшылары елордамыздың жаһандық өткір мәселелер талқыланып, шешімін табатын халықаралық алаңға айналып келе жатқанын баса айтты. Оған - ОБСЕ саммиті, Сирия жөніндегі Астана процесі, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының бірінші отырысы және Әлемдік діндер көшбасшыларының бас қалада өткен бес бірдей съезі дәлел. Сондай-ақ, пікірталасқа қатысушылар Астананың «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы мүмкіндіктерін, оның Батыс пен Шығыс арасындағы рөлін сөз етті.
Франко Фраттини, Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі:
- Терроризммен күрес қазір әлем елдерінің басты проблемасына айналып отыр. Осы орайда, Сирия мен Ливиядағы жағдайды айтпай кетуге болмайды. Бұл Италияның Сыртқы істер саласындағы жұмысының басым бағыты болып табылады. Осы ретте айта кетерлігі, Сириядағы мәселелер бойынша Астана процесі дәл уақытылы қадам дер едім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жұмысты кешіктермей атқарып жатыр. Осыны ескере келе, Астананы бейбітшілік қаласы деп айтуға толық негіз бар.
Ариель Коэн, Ғаламдық қауіпсіздікті талдау институтының аға ғылыми қызметкері /АҚШ/:
- Астана өзін халықаралық сауда қарқынын арттыруға ықпал етуші орталық ретінде танытып, қазіргі таңда Еуразияның жаңа қаржы орталығының қызметтерін ілгерілетуде. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуі, «Жаңа Жібек жолы» бастамасына үлес қосуы Астананың аталған бағыттарда белсенді ойыншы болуды көздейтінінің белгісі. Қысқасы, бұл мекен – бәсекеге қабілетті қалалық ортаны қалыптастыруды және өз қызметтерін жетілдіруді көздейтін жаңа қала.
Досымжан ЕРМҰРАТ