Басты Жаңалықтар Қарағанды облысындағы Шахтер ауылына биылдың өзіне 10-ға жуық үй көшіп келген

Қарағанды облысындағы Шахтер ауылына биылдың өзіне 10-ға жуық үй көшіп келген

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылы жыл сайын көркейіп келеді. Шалғайдағы елді мекеннің еңсе тіктеуіне кәсіпкерлердің қолдауы зор болып тұр. Жуық арада ауылда демалыс орны бой көтереді. Бұған дейін жергілікті фермер бассейн, спорт кешенін, әкімшілік ғимаратын салып берген болатын. Бұрын шаруашылық дәнді және майлы дақылдар егумен айналысатын. Соңғы жылдары мұнда картоп өсіру ісі де жақсы дамып келеді.

Руслан Нұралнұлы, тілші:

- Қазір ауылдағы Мәдениет үйінің алдындағы алаң абаттандырылып жатыр. Келешекте бұл жер тұрғындардың саялайтын демалыс орнына айналмақ. Оның құрылысы үшін шаруашылық тарапынан 60 миллион теңге қаражат бөлінген.

Алдағы бірер айда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталмақ. Жалпы, мұнда шаруашылықтың мұрындық болуымен әлеуметтік нысандар түгелдей жаңадан бой көтерген. 

Көшербай Дүйсенбаев, ауыл тұрғыны:

- Ауылымыз жақсы. Мектеп, клуб жұмыс істеп тұр. Бассейн, спорт кешені де бар. Ауылға көшіп келіп жатқандар өте көп. Биылдың өзінде онға жуық үй көшіп келді.

Бұған дейін ауыл тұрғындарына фермер бассейн салып берген болатын. Ал, еңселі спорт кешенінің құрылысына мемлекеттік-жекеменшік аясында 256 миллион теңге жұмсалса, соның жартысына жуығы шаруа қожалығы есебінен бөлінген.

Биыл Нұра ауданына - 90 жыл. Осыған орай атқарылатын тоқсан игі шараның бірі ретінде шаруашылық басшысы жергілікті әкімдік ұжымына жаңа ғимаратты сыйға тартты. Себебі, ескі мекеме өткен ғасырдың орта тұсында салынғандықтан, әбден тозығы жетіп тұрған еді.

Шаруашылық 36 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар салады. Соңғы жылдары мұнда картоп өсіру жақсы дамып келеді.

Георгий Прокоп, шаруа қожалығының басшысы:

Біз бастапқыда 100 гектар ғана картоп ектік. Жақсы шыққан соң биыл 400 гектарға салып отырмыз. Айта кету керек, қыста қар аз түсті. Жердің ылғалы жеткіліксіз бола ма деп уайымдадық. Алайда, сәуір, мамыр айларында жиі жаңбыр жауып, жердің ылғалы жақсы болып тұр.

Шаруашылықта 8 мың тонна өнім сыятын заманауи қойма салынған. Ішінде  қысы-жазы бір температура сақталатындықтан, картоп бұзылмайды. Өнімге Алматы мен Астана қалаларынан сұраныс зор. Бұған қоса, шаруашылық бұршақтың ірі түрін шетелге экспорттауды қолға алыпты. «Мұның барлығы ауыл тұрғындарының ырзығы»,-дейді фермер.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Бөлісу