Басты Жаңалықтар 200 баланың жаңажылдық сыйлығы әлі жоқ

200 баланың жаңажылдық сыйлығы әлі жоқ

Былтыр желтоқсан айында Елбасының жаңажылдық шыршасына қатысқан қызылордалық 200 бала әлі күнге дейін сыйлықтарын ала алмай жүр. 6 айдан бері тиісті ноутбукке қолдары жетпеген оқушылардың ата-аналары енді дабыл қаға бастады. Тиісті орындарға арыз жазып, жауап талап етуде. Ал, Білім басқармасындағылардың айтар өз уәжі бар.

25- желтоқсан 2017 жыл. Қызылордада да керемет шырша тойы өтті. 200 бала Елбасының құттықтауын тікелей тыңдады, бағалы сыйлықтың сертификатын алды. Бірақ, содан бері 6 ай өтті. Сол сәтте-ақ берілуі тиіс ноутбук әлі жоқ. Қала тұрғыны Вадим Клоковтың ұлы сол мерекелік кешке қатысып, мәз-мәйрам болған жеткіншектің бірі. Ол да көппен бірге Елбасының сыйлығын сарыла күтіп жүр.

Вадим Клоков, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- 6 ай болды. Тіпті айтуға ұят. Баланы бұлай алдауға бола ма екен? Оған не себеп айтуға болады? Бала әне келеді, міне келеді деп, күнде үміттенеді.

Мәселе облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топтың бақылауында. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да хабардар. Ал, сала мамандары болса, «тендерді ұтып алған мердігердің жауапсыздығынан балалар сыйлықсыз қалды», деп отыр.   

Майра Мелдебекова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Бұл мәселе міндетті түрде шешіледі. Өйткені, қаражаттың барлығы қарастырылған болатын. Жақын арада барлығы тапсырылатын болады.

Яғни, тендер қайтадан өтіп, сыйлық әперетін компания қайтадан анықталмақ. Ал, жауапсыздық танытқан мердігерге қатысты іс қозғалды.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу