Астана – асқақ армандар мекені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана – асқақ армандар мекені

04.06.2018

Астанам – мақтанышым! Бұл әлемнің қай түкпірінде жүрмесін әр қазақтың аузынан еш қысылмай шығатын шаттық сөзі. Мейлі ол Еуропа, мейлі АҚШ, мейлі Африкада жүрсін иісі қазақ баласының Астанада болып жатқан кез келген өзгерістерге құлағы түрулы жүреді. Өйткені, қазақтың жалғыз бас қаласы бар. Ол - Астана. Елорда бүгінде аузын айға білеген саясаткерлер мен бизнес өкілдері жиылатын мекен. Соғыс оты шарпыған елдердің келіссөз өткізіп, мәмілеге келетін ордасы. 20 жыл аз ба, әлде көп пе?

24 жыл бұрын Н.Назарбаев осы ұсынысты жариялаған тұста көп адам бұған ертегі деп сенбеді. Таңдау Сарыарқа төсіне түсті. Ақмола тоғыз жолдың торабы. Әрі ірі мегаполис салуға қажетті инфрақұрылымы бай еді. О баста, Ұлытау да үміткер ретінде қарастырылған. 1997 жылдың 10-желтоқсанында мемлекеттіліктің негізгі нышандары байрақ пен штандарт Алматыдан Арқа төсіне қоныс аударды. Бұл - үлкен көштің басы еді.

Осы сәттен бастап, Ақмола ресми түрде Астана атанды. Алдымен, Парламент пен Үкімет мүшелері келді. Алатаудан ағылған көшті Астана ақ түтек боран және 40 градус аязбен қарсы алды. «Мұндай бас қаласы құрысын» деп көштің басын кері бұрғандар да көп болды.

Арман алдамады. Қазақ астанасын өз қолымен салып бастады. Кеңес кезінен қалған ғимараттар сырылып, жаңа аудандар пайда болды. Өңір-өңірден Астанаға ағылған қандастар қатары жиіледі. Бос келмеді, «елорданы өсіремін, өркендетемін», деп келді. Онымен қоса, қазақ тілін де алып келгеніне сіз бен біз куә. Шаһардың бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаев қала сәулетінің әр нүктесіне дейін өзі араласып, Бас жоспарға өзгерістер енгізіп отырды.

Есілдің сол жағалауына 1 жылдан кейін келген адам танымай қалатын. Құрылыс қарқыны осындай еді. Елорданы жағалай егілген жасыл желек қаланың өкпесіне айналды. Арқа төсіндегі елорданың келбеті «жаңа Астана салу ертегі» деп келеке еткендердің көмейіне қорғасын құйды.

Қысы қытымыр. Жазы қоңыр салқын. Осыдан болар, біздің қала ең суық астаналар тізімінде Ұлан-Батырдан кейінгі екінші орында тұр. Енді Астананың артықшылықтарын тізбелесек. Мол мүмкіндік. Бұл бір. Екіншіден, қаланың келбеті. Кез келген мегаполиске Астанадан кейін барсаңыз, ол қала сізге ескі сияқты көрінеді. Шетелдік блогерлер Астананы 5 жұлдызды қонақ үйге теңеп, 5 жұлдызды қала деуі бекер емес. Үшіншіден, қоғамдық көліктің ыңғайлылығы. Одан кейінгі басымдық - таза ауа. Алматыда көктем келсе, қалта-қалта дәрі ішетін аллергиктер Астанада бұл проблеманы есіне де алмайды.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу