Өңірде орта есеппен бір күннің өзінде 150 бала дүниеге келеді екен. Демографиялық ахуал жоғары Сыр өңірінің халқы бірер жылда миллионға жуықтайды деген болжам бар.
Айсара сегізінші сәбиіне өмір сыйлады. Яғни, 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеген отбасының қуанышы еселене түсті. 42 жастағы Батыр ананың бар байлығы – балалары.
Айсара Кенжепалова, батыр ана:
- «Балалы үй базар» деген. Әр бала өз несібесімен келеді. Өзім тұрмысқа шыққан кезде енеме ұқсап 10 бала туамын дегенмін.
Өңірде бала туу көрсеткіші жоғары. Алдағы 2 жылда Сыр өңірінің халқы 1 миллионға жетеді деген болжам бар.
Гүлнәр Жұмашева, облыстық Ана мен бала орталығының бас дәрігері:
- 5 айдың ішінде 4,5 мыңға жуық бала дүниеге келді. Былтырғы жылдың аяғында 11 мыңға жуық бала туылған. Тәулігіне 30-35 бала дүниеге келіп жатыр.
Арал ауданындағы Жақсықылыш ауылын көпшілік «алтын құрсақты аналар мекені» дейді. Мұнда 200-ге жуық Батыр ана тұрады. Әр әулетте кем дегенде 5 ұрпақ бар. Балғындардың бал күлкісі мен тәп-тәтті былдырлаған тілі айналаны шаттыққа бөлеп, нұрландырады.
Бүгін орталық алаңға 14 мың бала жиналды, олар салтанатты шеруге қатысып, мерекенің ажарын айшықтады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ