Осыдан 9 жыл бұрын еліміздің футболын көтереміз деп жас өрендеріміз атақты Пеленің отанына оқуға жіберіле бастады. Бразилияда доп тебу бақытына алғаш 26 жеткіншек ие болды. Кейін тағы 2012, 2015 жылдары екінші, үшінші лектің балалары футболдың қыр-сырын игеруге барған еді. Қазір барлығы да Отанға оралды. Өкінішке қарай, көзге түсіп, шетелді айтпағанда, отандық футбол клубтарында ойнап жүргені жоқ. Бразилияда оқып келген балалар қазір қайда жүр? Бұл жоба өзінің діттеген мақсатын орындады ма?
Мирас Төлеев - Бразилия Академиясында футболдың қыр-сырын меңгерген алғашқы жастардың бірі. Елге оралған соң ол «Бәйтерек», «Каспий», «Атырау», «Ертіс» футбол клубтарының ойыншысы болды. Ал, қазір көкшетаулық «Оқжетпес» клубында өнер көрсетіп жүр.
Мирас Төлеев, «Оқжетпес» футбол клубының ойыншысы:
- Іріктеуде 100 баланың ішінен 25 баланы таңдап алып кетті. 3 жыл оқыдық. Көптеген нәрсені үйрендік. Қазір Қазақстанның футболы дамып келе жатыр деп ойлаймын. Ешнәрседен қалмаймыз. Сондықтан да бәрі де алда деп есептеймін.
Жалпы, Латын Америкасында 9 жылдың ішінде 78 жас өрен оқып қайтты. Көпшілік алғашында оларды қазақ футболын өрге сүйрейді деп үміт күтті. Оған себеп те жоқ емес. Жобаға қомақты қаржы бөлінген. Үш жылда бір лектің 26 баласына мемлекет қазынасынан 260 млн. теңге жұмсалып отырды.
Иә, о бастан бұл жоба үлкен футболшыларды дайындауды көздемеген. Негізгі мақсаты - тәжірибе алмасу. Алайда, футбол сарапшылары «бразилиялықтар таланттар елі болғанымен, доп тебуді үйрету жағынан еуропалықтардан қалыс қалады. Сол себепті, жастарды кәрі құрлыққа жіберу әлдеқайда тиімді болар еді», деген пікірде.
Ермұхамед Мәулен, спорт журналисі:
- 2014 жылы барып көрдім. Біздің 26 бала жаттығып жатқан жер керемет бразилиялық стильдегі жасыл алаң деп айта алмаймыз. Ол жерде де жасанды алаң. Жасанды алаңдар Қазақстанда өте көп. Жалпы, Еуропада жасанды алаңда ешкім футбол ойнамайды.
Бразилияда оқып келген балалардың ішінде жасындай жарқылдап, Ұлттық құраманы алға сүйреп жүргені көзге ілінбейді. Десе де, Премьер-Лига мен бірінші лигада доп теуіп жүргендері бар. Алайда, еліміздің басты біріншілігінде олардың көпшілігі қосалқы құрамда орындықты қыздырып отыр. Ал, енді кейбіреуі жай ғана жанкүйерлер қатарына қосылған.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ