Түрмедегі балалар тәрбиесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түрмедегі балалар тәрбиесі

01.06.2018

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматыдағы қылмыс жасаған жасөспірімдерді тәрбиелеу үйінің балалары ата-аналарымен кездесті. 15 пен 18 жас аралығындағы 40-тан астам жеткіншек пен бозбала жарты жылдан аса көрмеген жақындарымен жүздесті.

Баласын сағынған ана мен анасын құшақтап жылаған бала. Қателік жасап, қатал жазаға кесілген жасөспірімдер бүгін көздеріне жас алды. Көптен көрмеген туған-туыстарын көріп, көңілдері жібіді.

Елена Осипова,  Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны:

-Ұлымды өткен қараша айынан бастап көрмедім. Өйткені, Өскемен қаласынан келіп-кету оңай емес. Осы жолы барлық шығынды осы мекеменің мамандары көтеріп берді. Сол үшін алғыс айтамын. Баламның мерзімін тезірек өтеп, үйге келуін аңсап жүрмін.

Алиханның жақындарымен жүздеспегеніне алты ай болған. Қазір жақсы жағынан көрініп жүрген ол жуық арада бостандыққа шығып, қателігімді түзесем деген үмітпен жүр.

Алихан Асан, тәрбиеленуші:

-Шығып, ата-анама көмектесіп, сенімдерін ақтаймын деп ойлаймын.

Кездесу кезінде балалар ата-аналарына арнап жыр оқып, ән шырқап берді. Сонымен қатар, түрлі спорттық сайыстар мен викториналық байқауларға да қатысып, өнер көрсетті.

Қазір тәрбиелеу мекемесінде 47 бала бар. Жыл басында 9 бала үлгілі тәртібіне байланысты бостандыққа шықса, жақын арада тағы 10 жасөспірім мерзімін толық өтеп, үйлеріне аттанбақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу