Басты Жаңалықтар Алматылық спортшы медальдарын саудалауға мәжбүр

Алматылық спортшы медальдарын саудалауға мәжбүр

Алматыда 12 жасар бала жарыстан ұтып алған 82 медалін саудалауға мәжбүр. Тұрмыстың тауқыметін жастайынан тартқан жас спортшы «бұған жоқтық себеп», деп отыр. 15 жылдан бері баспанасыз пәтер жағалап жүрген ата-анасының ауыр жағдайын көрген ол осындай шешім қабылдапты. 5-6 жылдан бері жинаған алқаларын пәтер немесе жер телімдеріне айырбастамақшы.

35 жастағы Әлиманың жеті баласы барын естіген кезде жалға берушілер баспанасын беруден бас тартады. Сондықтан, ол 12 жастағы спортшы баласының түрлі жарыстардан ұтып алған медальдарын саудалаудан басқа амал таппай отыр. Балалы үйдің үш ұлы да таеквондаға қатысады. 

Әлима Төребекқызы, көпбалалы ана:

- Баспана болса болды деп, қиналып кетті бұлар да. Баспана болғаны жақсы емес пе, осылай, әркімнің табалдырығында  жүргеннен.

Асхат Сералы, оқушы:

-Бұл медальдар оңай жолмен келген жоқ. Бірақ, үйіміз болғанын қалаймыз.

Жағдайлары жоқтықтан үш бала спортпен одан әрі айналысудан да қалды. Өйткені, мектептегі секция жабылған. Ал, таеквондодан қол үзбес үшін ақылы орталықтарға бару керек.

Мақсат Сералыоқушы:

-Ата-анамыз да әбден қиналып кетті. Нанға да ақша таппай қалған күндеріміз болады.

Әкесінің тапқан-таянғаны пәтер ақысын төлеуден әрі аспайды. Ал, жеті бала тапқан Батыр ананың ай сайын Үкіметтен алатыны небәрі 15 мың теңге.

Батыр ана жергілікті әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырған. Бірақ, жағдайын ескеріп, елеген ешкім болмапты. Осыдан кейін  біз Алатау ауданы әкімінің орынбасарына хабарластық.

Саят Ағыбаев, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

- Баспана алуға кезекке тұру мен оның құжаттарын рәсімдеу біздің шаруамыз емес. Ол әркімнің жеке басының мәселесі. Сіздің табысыңызды санауға менің құқығым жоқ. Сіз айтар ма едіңіз? Адам өзі ізденуі керек. Бұл жерде әкімдіктің еш қатысы жоқ.

Бүгінде Алатау ауданында тұрмысы төмен 2813 көпбалалы отбасы бар. Сондықтан, жас ананың жанайқайын ешкім естімейді. Алайда, амалы құрыған Батыр ана қасиетті Рамазан айында үмітін үкілеп, жомарт жандардан көмек сұрайды. Әлима Жұбаеваға көмек қолын созамын деушілер төмендегі нөмірге хабарласуына болады. 

 ӘЛИМА ЖҰБАЕВА

+ 7778 427 72 82

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ              

Бөлісу