Қарқаралы қаласындағы ауылшаруашылық колледжі жанынан жатақхана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралы қаласындағы ауылшаруашылық колледжі жанынан жатақхана салынады

01.06.2018

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы Мыңжасар Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжі жанынан жатақхана салынады. Бұл игі жұмыс Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынып отыр.

Бұған қоса, білім ошағы жанындағы оқу-тәжірибелік шаруашылықтың жұмысы да дамып келеді.

Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінде қазір 325 шәкірт білім алады. Олардың дені еліміздің түкпір-түкпірінен келген. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 30 бала республикалық бюджет есебінен оқып жатыр. Бүгінде оқу орнында бірқатар ілкімді жұмыстар қолға алынған.

Болат Әбілов, колледж директорының орынбасары:

- Бес әлеуметтік бастама негізінде колледж жанынан жатақхана салу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін бұған 15 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір сол жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Қазір колледж жанынан жатақхана салынатын орын белгіленді. Келешекте мұнда 100 орындық 4 қабатты ғимарат салынып, маңайы абаттандырылады. Бұл өте ыңғайлы болмақ. Себебі, колледж студенттері сабаққа 2-3 шақырым қашықта орналасқан ескі жатақханадан жаяу келіп жүр.

Ал, бұл колледж жанындағы оқу-тәжірибелік шаруашылық. Шағын фермерлік иеліктің маңызы ерекше. Осында болашақ ветеринарлар, бағбандар, агрономдар және техникалық мамандар тәжірибелік дәрістер өтеді.

Шамшырақ Дүйсембина, колледж студенті:

- Алған теориялық білімімізді практикамен ұштастыру үшін осы орталыққа келіп отырамыз. Бұл жерде оқуымызға барлық жағдай жасалған.

Колледж жұмысына ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар да жоғары баға беріп отыр. Келешекте мұндағы малды асылдандыру жұмыстары да оқу үрдісі негізінде жүзеге асырылмақ. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу