Бұл - құны 180 млрд. теңге тұратын бірегей жоба әрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын алғашқы жол. Салтанатты ашылуында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин осыны айтты.
Жолды салуға Түркия мен Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары шақырылған. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың сөзінше, құрылыс кезінде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның 90 пайызы жергілікті тұрғындар болады. Ал, құрылысы аяқталғаннан кейін 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады. Бұдан басқа, Алматыға ағылатын көліктердің легі азайып, кептеліс проблемасы біршама шешіледі. Жалпы, іргелі жобаға 300 млрд. теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Оны іске асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданып, қажетті жер учаскелері дер кезінде босатылған.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Осы жоба Алматы қаласының және Алматы облысының көлік жүйесінің дамуына үлкен серпін береді. Жол 4 жылдың ішінде салынып, пайдалануға беріледі. Жолдың ұзындығы 66 шақырым, жобаның құны 180 миллиард теңге. Бұл жоба Мемлекет басшысының экономикалық саясатының арқасында жүзеге асырылып отыр. Осы жоба Қазақстан инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ