Басты Жаңалықтар Жаңақорған ауданының тұрғыны менингококк белгісімен ауруханаға түсті

Жаңақорған ауданының тұрғыны менингококк белгісімен ауруханаға түсті

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының 27 жастағы тұрғыны менингококк инфекциясы белгілерімен ауруханаға түсті. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқас жансақтау бөлімінде,  жағдайы ауыр, тұрақты. Тиісті ем алып жатыр.  Облыста арнайы штаб құрылды. Ауру ошағында мамандар эпидемияға қарсы және алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.  

Науқастың қайдан, қалай жұқтырғаны әзірге белгісіз. Облыс аумағынан шықпаған. Тұрақты жұмысына барып-келіп жүрген. Науқаспен қарым-қатынаста болған жұмыс орнындағы 11 адам және отбасының 4 мүшесі бақылауға алынды. Отбасынан бір адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды.

Жақсылық Абдусәметов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Кешегі күні жағдайының ауырлығын алдын алу мақсатында жасанды аппаратқа қосылған болатын, бірақ, жағдайдың тұрақталуына байланысты қазір өзі демалып жатыр. Барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.  Және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері мен Жаңақорған аудандық ауруханасының реаниматолог-дәрігерлері қатаң бақылауға алған.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу