Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

31.05.2018

Еліміз бойынша жазықсыз қудаланған 118 мың адамның 8 мыңы ақтөбелік арыстар. Бүгін Ақтөбе қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ашылу рәсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Ақтөбеге келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова алдымен қала іргесіндегі қасиетті мекен Түйетөбеге барды. Бұл төбенің маңайында екі мыңдай арыс ату жазасына кесіліп, осы жерде жерленген. Азалы биік басында боздақтардың рухына құран бағышталып, жазықсыз жазаланғандардың ұрпақтары жеті нан таратты.

Осыдан кейін Мемлекеттік хатшы тұрғындар қалашығындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысып, ата-баба рухына арнап гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, өткенге шегініс жасап, бүгінгі шараның жас ұрпаққа берері мол екенін айтты.

Жалпы ауданы 0,44 гектар жерді алып жатқан мемориалды кешеннің ұзындығы 12 метр болса, биіктігі 2 метр 40 см. Қоладан құйылған. Авторы - белгілі мүсінші Ахмет Құбай. Ол кісі денсаулығына байланысты сұхбат бере алмағандықтан, ескерткіштің мән-маңызын көмекшісінен сұрадық.

Еліміз бойынша өткен ғасырдың 30-жылдары 2 млн-ға жуық адам аштықтың құрбаны болды. Мыңдаған боздақты атты, асты. Бүгін сол миллиондардың ұрпағы ескерткіш басына келіп, көз жастарына ерік берді. Тұрғындар тағзым етер тарихи орынның ашылғанына бек ырза.

Осыдан соң қаладағы бас партияның ғимаратына барып, «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 ж.ж» атты тарихи деректі көрмені тамашалады. Материалдар Елбасының мұрағатынан және облыс архивінен алынды. Ал, «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» деген атаумен өткен халықаралық форумда әлем және отандық ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Тарихшылардың айтуынша, егер сол бір жылдары қынадан қырылмағанда қазақтың саны қазір елу миллионнан асатын еді.

Форум қорытындысы бойынша қатысушыларға ортақ қарар қабылданды. Онда келтірілген тың деректер алда кітап болып басылып, талай мазмұнды дүниелерге арқау болмақ.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу