СҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы тың мәліметтер жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы тың мәліметтер жарияланды

31.05.2018

Зобалаң жылдардың құрбандары жайлы тың мәліметтер жалпақ жұртқа жария бола бастады. Осыған дейін құпия сақталған материалдарды енді Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің мұрағатынан көруге болады. Кезінде «ұлтшыл», «халық жауы» деп нақақтан жала жабылған азаматтардың туған-туыстары үшін бүгін мұражайда ашық есік ұйымдасырылды.

Сабыржан Махиннің атасы 37 жылы атылып кеткен. Саяси қуғынға ұшыраған азамат жайлы жақындары жылдар бойы мәлімет іздестірді. Талай архивті ақтарды. Бір кездері аса құпия сақталған құжатқа енді ғана қолдары жетті.  

Сабыржан Махин, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Осы архивтің қызметкері маған көп көмек көрсетті, осы істі алып берді. Оқитын жерін оқыдым. Атам 1937 жылы сотталған екен, байдың баласы деп 10 жыл берген. Бірақ, ол кісі бірде-бір ісін мойындамаған. Өзінің анкетасында «мен қараңғы адаммын, саясатқа мүлдем қатысым жоқ», деп жазады. Бірақ, бір жиналыста шындықты айтқан екен.

Мұрағаттағы мыңдаған құжат 15 қорға бөлінген. Олардың арасында мүлде еш жерде жарияланбаған, 1920 жылдардан бергі бұйрықтар мен қаулылар бар. 

Айнұр Мұқашева, СҚО ІІД Арнайы мемлекеттік мұрағатының инспекторы:

- Бірінші қор ол сот органдарымен ақталған 5364 адамға қатысты қылмыстық істер, екіншісі ақтауға жатпайтын қор, ол 416 азаматқа қатысты қылмыстық істер, үшіншісі бұрынғы Кеңестік әскери тұтқындағы фильтрленген және олжаланған материалдардың қоры болып табылады. Ол 4755 адамға қатысты қылмыстық істер.

Соңғы құжаттарды мұрағатқа 2014 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті тапсырыпты.

СҚО ІІД Мемлекеттік мұрағатында бүгінгі күні 60 мыңнан астам іс сақталған. Оның 5364-і саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты. Ал, мынау менің қолымдағы саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың ісі.

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай биыл аса құнды құжат Алматы қаласынан арнайы жеткізілді. Мерейтой алдында тарихтың ақтаңдағы, ақиық ақын жайлы сыр бүккен мәліметтерді мұрағат қызметкерлері зерделеуде.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу