Басты Жаңалықтар Сыр жұртшылығы саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті

Сыр жұртшылығы саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті

Бүгін - тарихта өшпес таңба қалған күн. Сыр жұртшылығы саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш жанына жиналып, ата-баба рухына тағзым етті.

- Бұл төбе тарихта өшпес таңба болған қанды қырғынның куәсі. Кейбір ұлт зиялыларының мүрдесі осында жерленген. Қазір бұл жер бүгінгі ұрпақ тағзым етіп, бас иетін қасиетті орын. Алғашқыда үйілген топырақ қазір айналасы абаттанған еңселі ескерткішке айналды.

Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісінен, сол кездегі солақай саясаттың қанды соқпағынан 4500 сырбойлық қуғын-сүргінге ұшырады.

Галина Қасымқызы атасы Бедер Мәмбетбаласын бүгін еске алады. «Ел тәуелсіздігін алып, ақтаңдақтар шындығының ашылғанына тәубе», - дейді. Әйтпесе, қаншама жылдар бойы «жаудың ұрпағы» ретінде неше түрлі қиындық көріп, қиналды.

Галина Қасымқызы, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Атамды түн ортасында бала-шағасымен, кіл ер балаларымен алып кеткен. Сен «халық жауысың», «байсың» деп. Содан ол кісі Қарағанды зонасына барып, атылған. Атам әкемді, сосын 7 жастағы баласын қарауылға қолындағы алтын балдағын шешіп беріп, қашырып жіберген. Ең болмаса, екі балам тірі қалсын деп. Қалғаны сол Қарағанды зонасында атылып кеткен.

Базаркүл Тұяқбаеваның да әкесі зұлмат заманның зардабын тартты. Отбасымен қудалауға ұшырады, небір ауыр сәттерді бастан өткерді. Тек 1999 жылы ұрпақтары әке есімін ақтап алды.

Базаркүл Тұяқбаева, Қармақшы ауданының тұрғыны:

- Тұтқынға алынған әкеміз байдың баласы деп колхозға жұмысқа алынбай, көп қиындықтар көрді.  Қостанайдың Жетіқара қаласына жер аударылып, сол қалада біз үш бала сол ауданда туылғанбыз.

Арада қанша жыл өтсе де, жүректердегі жара әлі жазылған жоқ. Тарихи деректерге сүйенсек, сол бір қилы заманда қазақ халқы 40 пайызға кеміген. «Кеңес Үкіметінің зұлмат саясатынан ең көп зардап шеккен қазақ елі болды», - дейді тарихшылар. Ал, қанқұйлы кезеңнің қасіретін ұмытпай, ақиқатына терең мән беріп, ұғыну - бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу