Естеріңізде болар, Алматыда 18-сәуір күні Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен бейнетаспа жұрттың жағасын ұстатқан еді. Арада көп уақыт өтпей қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілген. Кешегі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан жүргізушіні 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда, тараптардың өзара келісімге келіп, кешірім бергендігін ескерген судья бүгін көлік жүргізуші Әнуар Жәнібековті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Енді сотталушы жазасын қауіпсіздігі жеңілдетілген мекемеде өтейді.
Ерхан Тотыбай, Әуезов аудандық сотының судьясы:
- Әнуар Жәнібеков Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл көлік жүргізу туралы құқығынан айырылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылу тағайындалсын. Жазасын өтеу қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемесінде белгіленсін.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ