«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген өнімдерді сатып алуға шетелдік арналар ықылас танытуда. Бұл туралы Мәскеу қаласында өтіп жатқан World Content Market шарасында белгілі болды. Халықаралық телеөнімдердің жәрмеңкесі саналатын бұл жиынға әлемнің 40 мемлекетінен 500-дей компания қатысып жатыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мұнда өзінің 70-ке тарта телеөнімін көпшілікке кеңінен таныстырды. Олардың арасында спорт тақырыбындағы, балаларға арналған және отбасымен бірге отырып тамашалауға болатын телехикаялар мен деректі фильмдер сынды бірнеше жанрдағы жобалар бар. World Content Market – түрлі мемлекеттердің арналары үшін тележобаларды бірлесіп өндіру, сату және сатып алуға арналған бірегей алаң саналады.
Салтанат Әуесбаева, «Қазақстан» РТРК» АҚ Дистрибуция және сатып алу бөлімінің бастығы:
- Бұл шараға жыл сайын қатысамыз, бірақ, биыл біз телевизиялық телехикаяларға басты мән беріп отырмыз. Бүгін таныстыру рәсімін өткіздік, жақсы роликтерімізді көрсеттік. Біздің телехикаяларды ұсындық. Бірнеше келіссөздерді өткізіп жатырмыз.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ