ОҚО-да апатты және үш ауысымды мектептер жойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да апатты және үш ауысымды мектептер жойылады

29.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында биыл 18 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында аймақтағы апатты жағдайға жеткен 7 мектеп және үш ауысыммен оқытатын екі білім ордасы түгелдей жаңа ғимаратқа көшуге қам жасауда. Жаңа салынған мектептердің бірқатарында енді бірер күнде соңғы қоңырау мерекесі өткізіледі. Ал, өзгесі алдағы оқу жылында шәкірттерге есігін айқара ашпақ. Осылайша, Сарыағашта биыл мектеп жетіспеушілігі толықтай шешімін таппақ.

Алғабастағы мектеп осыдан 50 жыл бұрын салынған. Қазір апатты жағдайда. Тозған ғимараттың бөлмелері тар. Кейбір сыныптарда оқушылар бір партаға үшеуден сығылысып отырады. Дәріс беретін мұғалімнің өзі екі аралықта әзер жүріп-тұрады. Мәдени спорттық шараларды өткізетін де жер жоқ. Осы мектепте қазір 296 бала білім алады. Онда да үш ауысыммен. Таңертең сағат 8-де басталған сабақ қас қарая бітеді.

Сәдібек Расылов, мектеп директоры:

- Оқушылар сыныптарға сыймайды. Бөлініп оқытылатын пәндер бар.

Ұстаз бен шәкірт  биыл  бұл қиындықтан құтылады. Алдағы оқу жылын жаңа мектепте бастайды. Қазір оның құрылысы аяқталуға жақын. 300 оқушыға  лайықталған ғимаратта заманауи оқу процесіне қажеттінің барлығы бар.

Айтбай Майлыбаев, құрылыс шебері:

- Ішкі құрылыс жұмыстары бітті, жиһаздарын қойып жатыр. Сыныптар толық жабдықталған. Компьютер бөлмелері, үлкен спорт залдары бар.

360 мыңнан астам халқы бар Сарыағаш ауданында демографиялық өсім өте жоғары. Жыл сайын 10 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Әр жылы мектептерге қосымша 162 сынып қосылады. Сондықтан, ендігі мақсат осы қажеттілікке сай жұмыс жүргізу болып тұр.

Құдырет Қыстаубаев, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Демографиялық өсімге ілесіп отыру үшін жылда қосымша 8 мектептен салып отыру керек.

Келер жылдары Сарыағашта тағы 30 мектептің құрылысы басталмақ. Олар типтік үлгіге сай келмейтін ғимараттардың орнына салынады. Қазір бұл нысандардың қаржылық, сәулеттік жобалау құжаттары әзірленуде.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу