Астананың 20 жылдығы шет мемлекеттерде де тойлана бастады. Бауырлас Түрік елінің астанасында елорда күніне орай халықаралық конференция мен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Елімізден Анадолы жеріне арнайы барған өнер ұжымдары түркиялықтарға естен кетпес кеш сыйлады. Көрермендер қазақтың ұлттық өнеріне тәнті болып, өнерпаздарды ду қол шапалақтап сахнаға қайта-қайта шақырды.
Астананы түрік халқы ерекше қадірлейді. 20 жылда танымастай өзгерген шаһарды Орта Азияның жауһары санайды. Қарапайым тұрғыннан билікке дейін елорданың қалай дамығанын жақсы біледі. Әлемдік шараларды өткізерде шын қуанып, тілектес болды. 20 жылдық жиынында бас қаланың әрбір жетістігі жеке-жеке қаралды.
Халюк Ипек, Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің депутаты:
- Астана - Қазақ елінің жаңа тарихының шынайы бет-бейнесі. Бауырлас елдің бас қаласын бүгінгі күні танымайтын ел жоқ шығар. Дүниежүзілік маңызды шараларды абыроймен атқарып, әлемнің ең әсем қалаларының бірі болды. Былтыр сәтті өткен «ЭКСПО» көрмесі қала мәртебесін көтере түсті. Астананың әрбір табысын біз мақтан етеміз.
Кечорен Анкараның ең ірі ауданы. 1 миллионға жуық тұрғыны бар. Астанаға деген ықыласы ерекше. Елорданың 20 жылдығын Түркия бойынша алғашқы болып тойлай бастады. Елімізден өнер ұжымдарын шақыртып, бас қаламызды кеңінен танытты.
Астана күніне арналған концертке елімізден би және фольклорлық ансамбль мен Ақтөбе облыстық филармониясы келді. Өнер ұжымы Анадолы жерінде бұрын-соңды шырқалмаған ән мен күй орындады. Көрермендер әсіресе, «Аққу» би ансамблінің өнеріне тәнті болды. Мың бұрала билеген бишілерді көрермен қайта сахнаға шақыртып, қошемет көрсетті.
Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:
- Мәдени күндерді Астананың 20 жылдығына арнап отырмыз. Бұл шара Анкараның ең ірі ауданында өтіп жатыр. Аудан әкіміне қолдағаны үшін алғыс айқымыз келеді.
Шара аясында ауданның орталығынан Қазақстан үйі ашылды. Енді екі апта бойы қала қонақтары мен жергілікті тұрғындар осы жерге келіп, еліміз жайлы кең мағлұмат ала алады. Қазақтың ақын-жазушыларының кітаптарын оқып, еліміздің әсем жерлері бейнеленген сурет көрмесін тамашалайды. Ал Астана күніне арналған шаралар Анкарадан кейін, Түркияның Малатья және Шанлыурфа қалаларында жалғасады.
Бақытжан ОМАР