Еліміздің 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы өзгертіледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Мәжілістегі Үкімет сағатында айтты. Оның мәліметінше, тек ет экспортын 2 миллиард 600 миллион долларға дейін жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Өйткені, қазір қазақстандық ет өнімдеріне Сауд Арабиясы, Вьетнам сияқты елдер қызығушылық танытып отыр.
Ал сүт, құс еті, жеміс, көкөніс өнімдерінің әлеуеті 1 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бағдарламаға сәйкес, қағазбастылықты азайтып, инвестициялық субсидиялауды 25 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ірі қара мал, қой және жылқы өсірумен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру жоспары бар. 2027 жылға қарай сүт шаруашылығындағы отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу көзделген. Ауыл шаруашылығы саласына оң өзгеріс алып келетін бағдарлама депутаттардың тарапынан қолдауға ие болды.
Индира БЕГАЙДАР