Басты Жаңалықтар Соғыста хабарсыз кеткен сырбойлық сарбаз туралы дерек 75 жылдан кейін белгілі болды

Соғыста хабарсыз кеткен сырбойлық сарбаз туралы дерек 75 жылдан кейін белгілі болды

Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен сырбойлық сарбаз Менбай Тасқарев туралы дерек 75 жылдан кейін белгілі болды.  Жас жауынгер Смоленск түбіндегі шайқаста шейіт болған, Ресейдің Смоленск облысындағы  «Еске алу алаңы» мемориалдық кешеніне  жерленген.  Соғысқа кеткеннен бүгінге  дейін оның өлі-тірі екендігінен бейхабар болған туыстары  үшін бұл сүйінші жаңалық болды.

Ресейлік Іздеу отряды былтыр 26 жауынгердің мүрдесін тапты. Бұл туралы хабарламаны олар «Facebook» парақшасында жариялаған. 

Ардақ Әбішева,  облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бас маманы:

- Алғашқы болып кездейсоқ фейсбуктен байқап қалдым. Соның ішінде Қызылорда облысының Тасқараев Менбай деген азаматының бар екенін көргеннен кейін, республика бойынша іздеу жұмыстарымен айналысып жатқан «Генералдар кеңесі», «Арлан» қоғамдық қорымен байланысып, осы хабарламаны жолдадым. Олардан нақтыланған деректер келді. Тіркеу журналынан оның Жалағаш ауданының азаматы екенін білдік.

Сырбойлық сарбаз 1942 жылы Қармақшы аудандық комиссариаты арқылы соғысқа аттанған. Сол кеткеннен  із-түзсіз кетті. Артында ата-анасы мен жары және қызы қалды. Қан майданнан бірде-бір хат-хабар ала алмаған күйі  ата-ана өмірден өтті, жары да, бауыр ет-баласы да қазір бұл дүниеде жоқ.  

Рысты Танибаева, майдангердің немересі:

- Көкейімізде нағашы атамыздың осы уақытқа дейін табылмай қалды-ау деген уайымымыз болды. Біз ол кісіні таба алмағанбыз осы уақытқа дейін. Аспандағы айды біздің қолымызға әкеп берді десек те болады, өте қуаныштымыз.

Жауынгердің денесі Ресейдің Смоленск облысындағы «Еске алу алаңы» мемориалдық кешенінде жерленген. Бірақ, азаматтың сүйегін елге әкеліп, қайта жерлеуге  рұқсат жоқ.  Сондықтан, Менбай Тасқараевтың ұрпақтарына сарбаздың қайда жерленгені туралы арнайы сертификат берілді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу