«Qazaq Radiosy»-на биыл - 95 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaq Radiosy»-на биыл - 95 жыл

28.05.2018

Ғасырға жуық ұлттың үнжариясы атанған радионың халқымыздың тарихында алар орны бөлек. Қазақтың талай айбоз азаматтары еңбек етті. Қайталанбас ғажайып дауысты Әнуарбек Байжанбаев, тау тұлғалы ақын Мұқағали Мақатаев қызмет атқарған мекеме. Олардың ізін басқан жандардың кейбірі қазірде ардагер. Ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақ қазықтарының айтары мол.

Осыдан 35 жыл бұрын радиода еңбек еткен Кенжебек Әбдімәуленовке қара шаңырағы әлі де ыстық. Ардагер журналист қолы қалт етсе, қазақ радиосына келіп, сағынышын басады. 1982 жылы радиоға келген редактор көбіне ауыл адамдарының тіршілігі туралы қызықты материалдар жасайтын. 1998 жылдан бастап Елбасының «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді бағдарламасы аясында «Үкімет арнасы» хабарын ашып, оны 2007 жылға дейін үзбей жүргізді. 

Кенжебек Әбдімәуленов, «Qazaq Radiosy»-ның ардагері:

- Біз таспаға жазатынбыз. Пленканы қиып, монтаждаған кезде 5 минуттық хабарға 30-40 минут уақыт кетеді. Монтаж жасайтын адамдар, оның қасында режиссер, дыбыс режиссері болады. Олардың барлығы хабардың шығуына атсалысады.

Ал, көпшілікке жыршылығымен таныс Қошан Мұстафаұлының радиоға келуінің өзі бір қызық. Ауыл шаруашылығы институтының жеміс-жидектер факультетіне оқуға түскен бозбаланың есіл дерті өнер болып, ақыры осы саланың майталман маманына айналды. Бұған дейін түрлі қызмет атқарған жыршы-термеші қырықтан асқан соң ғана, 2007 жылы «Qazaq Radiosy»-на келді. Оның «Інжу-маржан», «Терме» хабарлары 10 жылдан бері эфирден түскен емес.     

Қошан Мұстафаұлы, «Інжу-маржан» хабарының авторы:

- Тарих, жыраулар пояэзиясы жөнінде 500-ге жуық хабар жасадым.

Қызыл диктофонын рухани серік еткен Темірхан Момбекұлының осылай жаны жай табады. Дикторлардың дауысы жазылған құрылғыны жанынан бір елі де қалдырған емес.  «Qazaq Radiosy»-нда 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен ардагердің есімі ерек. Ол «Қасиетті қазақ жері» хабарын елді велосипедпен аралап жүріп дайындаған.  

Темірхан Момбекұлы Түркістан, «Qazaq Radiosy»-ның ардагері:

- Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында істедім. Әдеби хабарлар, дастандар, жазушылардың прозалық-драмалық шығармаларын жүргіздім. Ақын-жазушылармен, сыншы, әдебиетшілермен, әртістерімен де қызмет істедім.

Биыл радиоға - 95 жыл. Жылдар өткенмен, ғасырға жуық тарихы бар «Qazaq Radiosy» өзіндік үнін жоғалтқан жоқ. Қара шаңырақтың қазығы болған майталман журналистердің де үні мәңгі есте қалары анық.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу