Басты Жаңалықтар Отандастарымыз ең көп саяхаттайтын көршілес ел - Өзбекстан

Отандастарымыз ең көп саяхаттайтын көршілес ел - Өзбекстан

Былтыр 1 миллионға жуық қазақстандық Өзбекстанға сапарлаған. Отандастарымыздың ең көп саяхаттайтын елі де осы көршіміз болып отыр. Өйткені, екі мемлекет арасында визасыз жүйе бар, әрі Ұлы Жібек жолы өткен мекен тарихи ескерткіштерге толы. Жалпы, көрші ел билігі биылдан бастап шетелдегі елшілеріне тәулігіне бес туристтен тарту туралы талап қойған.

Екі мың жылдық тарихы бар Ташкент. Тянь-Шань тауының етегінде орын тепкен, табиғаты мен тарихи орталықтары жарасқан шаһар. Киелі мазар кешендеріне, археологиялық ескерткіштерге, шығыстың дәмін ұсынатын базарларға толы қала. Ұлы жүздің биі Төле бидің кесенесі де осында орналасқан. Алдымен сол жерге барып, тағзым етуді жөн көрдік.

Ташкенттің  танымал көрікті жерлерінің бірі - Қалдыргач бей кешені. Өзбек тілінен аударғанда Қарлығаш би деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл жерде Ұлы жүз биі Төле би жерленген. Кесененің ерекшелігі күмбезінде. Өйткені, археологтардың пайымдауынша, үшбұрышты күмбез көшпелі тау халықтарына ғана тән. 

Ташкентте, жалпы, Өзбекстан жерінде әулиелер жерленген қасиетті орындар өте көп. Қазақстандық туристер мұнда негізінде зиярат етуге келеді. Қаладан 15 шақырым жердегі Зеңгі бабаның кесенесін де көрдік. Мазарды кезінде Әмір Темір салдырып, құлпытасын 1420 жылы Мырза Ұлықбек орнатқан екен. Сұлулығын сол кездегі сәулет өнері келтіріп тұрған кешен көздің жауын алады. 

Сильвия Драгобасано, турист:

- Бір аптадан бері Өзбекстанды аралап жүрміз. Италиядан топ болып келдік. Тарихи архитектуралық орындары өте әдемі. Ауа райы да қолайлы, ал, қалалар арасында қатынайтын «Афросиоб» пойызы жедел, таза әрі ыңғайлы екен.

Сол «Афросиобпен» тағылым тұнған Самарқандқа да сапарладық. Жүзден аса ұлт өкілін бір шаңырақ  астында жинаған шаһарда 500 мың адам тұрады. Құндылықтары құнттай сақталған қалада қазақстандық туристерді де кездестірдік. Балғын Қазбанбетова Самарқанға арнайы келіпті.

Балғын Қазбанбетова, турист:

- Әмір Темірдің кесенесіне бардық. Достарымыздың арқасында өте көп жерлерді аралап жатырмыз. Өте күшті әсер алып жатырмыз.

Самарқандық символға айналған Регистан алаңы. Мұнда 15-ғасырда Орталық Азияда салынған алғашқы медресе орналасқан. Жалпы, бұл орынға жылына 5 миллионнан астам турист келеді екен.

Медресенің үшеуі де әр түрлі мезгілде тұрғызылып, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасы ретінде жеткізілген. Бұдан өзге, Самарқандта әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің жерленген жері, өзге де кесенелер мен мазарлар бар.

Ұлы Жібек жолында қанат жайған қалалар талай шапқыншылықты көріп, қаншама соғыстың  дәмін татты, отқа оранып, оққа ұшты. Құлап, күйреді. Бірақ, қайта тұрды, құндылығын жоғалтпады. Осылайша, миллиондаған турист тартатын әлемге әйгілі мекенге айналды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Бөлісу