Қостанай облысында 2020 жылға дейін 7 студенттік жатақхана салынуы тиіс
Елбасы тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бүгін жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды. Үкімет басшысы аймақтағы әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын аралады. Жұртшылықпен жүздесіп, мемлекеттік бағдарламалардың өңірде қалай жүзеге асып жатқанымен танысты.
Рудный қаласындағы «Жас қанат 2006» құс фабрикасы заманауи технологияны қолданысқа енгізуді жүзеге асырған кәсіпорындардың бірі. Қазір мұндағы өндірістің 90 пайызы автоматтандырылған. Жылына 250 млн. дана жұмыртқа өндіреді. 236 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бұдан соң Үкімет басшысы Соколов карьерінің жұмысымен танысты. Рудный қаласындағы темір кенін өндіретін алып кәсіпорын былтыр «Ақылды карьер» жобасын жүзеге асырған. Бұл жоба кен өндіру жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздігін еселеуге мүмкіндік береді. Яғни, шығын азаяды, табыс көбейеді.
Қостанай облысында 2020 жылға дейін 7 студенттік жатақхана салынуы тиіс. Бұл туралы Премьер-министрдің студенттермен кездесуінде айтылды. Мақсат - Президенттің 5 әлеуметтік бастамасына сәйкес, жастардың сапалы білім алуына жағдай туғызу.
Тимур Дүйсембаев, студент:
- Жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа тағы 20 мың гранттың қосылуы 20 мың жасқа мүмкіндік беріледі деген сөз. «5 әлеуметтік бастама» елдің әл-ауқатын арттыруға сеп боларына сенімдімін.
Қостанай облысында 2015 жылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылған. Орталықта қызметтің 8 түрі көрсетіледі. Оның сыртында оқыту жұмыстары да жүргізіледі. Соның арқасында өз ісін ашқандар қатары көбейіп келеді. Іскер азаматтар кәсіпкерлік туралы заңдағы соңғы өзгерістерді де зор қуанышпен қабылдады.
Ерлан Нұрбол, кәсіпкер:
- Салық жағынан, тексеріс жағынан жеңілдіктер көп. Бұл біз сияқты кәсіпкерлер үшін өте пайдалы іс.
Жұмабек Жүсіпбеков, кәсіпкер:
- Кәсіпкерлікке тексерістердің көп кедергі келтіретіні ешкімге құпия емес. Ал, айыппұл салынуы көбіне қаржылық жағдайды күйретіп кетеді. Сондықтан, соңғы қабылданған заң кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай ықпал етері анық.
Үкімет басшысының ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесуінде осы саладағы түйткілді мәселелер мен оны шешу жолдары сөз болды. Сапар соңында облыс әкімдігінде өткен жиында елдің әл-ауқатын көтеруге арналған Президент тапсырмасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Жаңа міндеттер белгіленді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы