Елімізде екі мыңнан астам заң болғанымен, бірде-бірінде патриотизм туралы ұғым жоқ. Бүгін осы мәселені алға жылжыту үшін құрылған «Қаһармандар» қоғамдық қорының Астанадағы кеңсесі ашылды. Қоғамдық ұйымның ең негізгі мақсаты – Отан деп отқа түсіп, ойда-жоқта опық жеп қалғандарды ақтау.
Қазір қор өкілдері «Ел тәуелсіздігі мен қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен тұлғалар» туралы дербес заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізбек ниетте. Олар игі іске белсенді азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастық өкілдерінің үн қосқанын қалайды. Өйткені, қолданыстағы заңнамаларда қаһармандардың статусы анықталып, ақтауға қатысты нормалар көрсетілмеген.
Айта кетейік, жазықсыз жазаланған ата-бабасы мен туған-туысы бар ел тұрғындарының ««Қаһармандар» қорына хабарласуларына болады.
Сабыр Қасымов, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының төрағасы:
- Біздің боздақтар көп жағдайда атаусыз қалып жатыр. Ал, жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттер алғашқы шараларын өздерінің азаттығы үшін күрескен тұлғаларына арнайды. Бізде де біраз жұмыстар жасалды. Бірақ, атқаратын шаруалар көп.
Досымжан ЕРМҰРАТ
