Астанада болған дауыл шығыны анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада болған дауыл шығыны анықталды

23.05.2018

Астанада болған дүлей дауылдың салдары мен шығыны бүгін белгілі болды. Әкімдіктегілердің қисабына қарасақ, жөндеу жұмыстарына шамамен 235 млн. теңге керек екен. Жалпы, кеше «112» шұғыл қызмет желісіне айналдырған 3-4 сағатта 875 рет қоңырау шалынып, тұрғындар көмек сұраған. 10 адам «103» қызметіне жүгініп, біреуі ауруханаға жатқызылыпты. 23 әлеуметтік нысанның шатырлары мен қасбеттері қираған. Жалпы, аумағы 6 мың шаршы метрді алатын 28 көпқабатты тұрғын үйдің де қасбеттері зақымданыпты. Зардап шеккендердің арасында көлік иелері көп. Төбеден құлаған түрлі құрылыс заттары ауладағы көліктерді қиратып, терезелерін сындырған. Енді олар кімді кінәлап, шығынды қайдан өндіруді білмей отыр. Кей мәліметтерге сүйенсек, қала әкімдігі тұрғындардың шығынын өтеуі тиіс делінген. Бұл қаншалықты рас?

Әділ әділдік іздеп әлек. Келсе, тұрақта тұрған көлігі сынып, қирап жатыр екен. Жалғыз оныкі емес. Екі қатарға тізілген көліктердің дені зақымданыпты. Жаңбыр емес, тас жауғандай.  Енді, әр жерден тесілген, бұзылған көліктерді кім жөндеп берері белгісіз.

Әділ Әміралин, қала тұрғыны:

- Біз бұған құрылыс компаниясы кінәлі деп отырмыз. Біреулер әкімдік төлейді деп жүр. Ал, сақтандыру компаниялары тек жол-көлік оқиғасы кезінде ғана шығынды өтей алады. Енді көлігі қираған 20-ға жуық адам осы мәселенің шешімін таппай отырмыз.

Кей көліктердің шығыны 200-300 мың теңгеден асады. Ал, зақымданған автомобильдер өте көп. Оларға сақтандыру компаниялары бір тиын да бермейді. Енді тұрғындар сапасыз үйді салдырған әкімдіктен ақша өндіргісі келеді.

Еркін Отарғалымұлы, қалалық ТЖД бөлім басшысы:

- Егер де зақымданған нысан сақтандырылған болса, бұл ретте сақтандыру компаниясының есебінен өтелетін болады. Сот орындары арқылы шешіледі.

Демек, әкімдік те, көлік иелеріне көмектеспейді. Сақтандыруға сілтеді. «Ал, бұл мәселенің оң шешімі мынадай», - дейді заңгер.

Жандос Тұяқов, заңгер:

- Ал, егер бұл сапасыз атқарылған жұмыстардың нәтижесі болса, 199-бап бойынша сотқа жүгініп, жақсы нәтижеге жетуі әбден ықтимал.

Яғни, тұрғын үйді сапасыз салған құрылыс компаниясы зақымданған көліктердің бар шығынын өтеуі міндет. Бірақ, тұрғындар компаниямен соттасып, ақшаны өндіргенше, төбеден әлі талай керамикалық қаптама құлай беретін сияқты. Өйткені, Астанада жел жиі гулейді. 

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу