Халыққа қызмет көрсету орталықтарында апта соңына дейін осындай жаңа ереже енгізілмек. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы мәлімдеді. Абылай Оспановтың айтуынша, бұл жоба қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз пайдалануды болдырмау үшін жүзеге асырылып отыр. Яғни, енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторлары да азаматтардың мәліметтеріне олардың рұқсатымен ғана қол жеткізе алады. Ол үшін сол адамның СМС-хабарлама арқылы келісімі келуі тиіс. Тек содан кейін ғана орталық қызметкері оның мәліметін алып, тиісті мемлекетті қызметті жүзеге асыруы тиіс. Жоба екі кезеңмен енгізіледі. Ал, оны пайдалану үшін мобильді азаматтар қосымшасына тіркелу қажет. Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» заман талабына сай жаңа жобалар арқылы мемлекеттік қызметтердің қазақстандықтар үшін мейлінше оңай, әрі сапалы болуын көздеп отыр.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы:
- Жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары 38 млн-нан астам қызмет түрлерін көрсетеді. Шалғай елді мекендердің тұрғындарына да қызмет көрсету үшін арнайы құрылған, мамандандырылған ХҚО жылына 2 мыңнан астам сапарға шығып, 500 мыңнан астам қызмет ұсынады.
Азамат НҰҒЫМАНОВ