2019 жылдан бастап 171 елді мекен көк түтін болып көмір жақпайды. Себебі, 1,5 айдан соң «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Алдымен Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау және Астана бағыты газдандырылады. Бұған көзделген қаражат көлемі 267,3 млрд. теңге. Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жұмыс тобына өзі жетекшілік ететінін айтты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Солтүстік, орталық облыстарда газ құбыры болмаған. Ол көп инвестиция тарту мәселесін туындатады. Өйткені, тек қана «Сарыарқа» магистральді газ құбырын тарту үшін 287 млрд. теңге керек болады. Ал, егер таратушы газ құбырын тартсақ, қаржысы екі есе көп болады. Сондықтан, бұл мәселені біртіндеп қолға алуға болады.
«Биыл мұнай өндіру көлемі 87 млн. тонна, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін»,-деді министр. Ал, Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен сол қара алтынның заңсыз тасымалына тоқталды. 2015 жылдан бері 189 млн. тонна мұнай өндірілсе, экспортталғаны 2 млн. тоннадай ғана. Бұл 600 млн. доллар. Энергетика министрлігінің мұнайды игеру мен өңдеу көрсеткіші кедендік органдардың есебімен қабыспайды. Яғни, 40 компанияның қара алтынды шетелге шығаруы игергенінен көп болып тұр. «Автоматтандырылған есептеу құрылығысының жоқтығынан осылай жем болып отырмыз»,-деді депутат.
Сондай-ақ, Үкімет сағатында жаңа технология тартып, ғылымға сүйеніп, барлау жұмыстарына ден қою қажеттігі айтылды. Тек Теңіз, Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарына тоқмейілсіп отыра бермей, «ескі кен орындарын да ескеруіміз», керек делінді.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Депутаттар тарапынан мұнай-газ секторын дамыту үшін заңнама бойынша толық қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, өңдеуші секторға қатысты салықтық саясаттың өзгеруінің өңірлерге мультипликативтік әсерін айтпағанда, мұнай-газ секторының одан әрі дамуына жаңа қарқын беруі тиіс.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.