Еуразиялық экономикалық одақ аясында тағы бір орган құрылады
Еуразиялық экономикалық одақ аясында тағы бір орган құрылады. Ол құрылым комиссия қабылдаған шешімдердің тиімділігін бағалаумен айналысады.
Отандық кәсіпкерлермен кездескен Еуразиялық экономикалық одақ коллегиясының мүшесі, Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министр Тимур Жақсылықовтың айтуынша, қазір үкіметаралық кеңесті құру туралы шешімнің жобасы әзірленіп, дайын тұр. Егер мүше елдердің Үкімет басшылары қолдау білдірсе, биылғы жылдың 1 қазанына дейін шешімді іске асыру жоспары дайындалады. Дайындау барысында комиссияның барлық шешімдері бизнес ортаға қалай әсер етіп жатыр, жұмыстың тиімділігі қандай деген мәселелердің барлығы зерделеніп, нақты баға беріледі. Себебі, кейбір нормативтік актілердің бизнесті жүргізуге кері әсер етіп отырғаны анықталған. Кеңес соңында Тимур Жақсылықов кәсіпкерлерді белсенді болуға шақырды.
Тимур Жақсылықов, ЕАЭО коллегиясының мүшесі, Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі:
- Біз үшін осындай форматтағы жұмыс өте қажет. Бұл кәсіпкерлермен ақпарат алмасып, байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Кейде бизнесмендер жобаға артық процедуралар мен қосымша шығындар енгізілгенін білмей жатады. Артынан кәсіпкерлік департаменті оларға xабарлап жатады. Негізі, шешім қабылданбай тұрып, бизнесмендер өз ескертулерін жасап, қарсылықтарын білдіруі керек. Кәсіпкерлер ол ақпаратты бермесе, комиссияның шешімін өзгерту қиын. Сондықтан, бизнесмендерге айтарым, экономикалық одақтың ресми сайтын үнемі бақылап, комиссияның барлық шешімдеріне қатысты ескертулер мен ұсыныстарды жолдап отырыңыздар.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы