Алматыдағы тау бөктеріне салынған зәулім үйлер мен көпқабатты нысандар сейсмологиялық тексеруден өтпеген
Алайда, меншік иелері мен құрылыс компаниялары ғылыми-зерттеу институттарының ескертуін елемейді. Сондықтан, ғалымдарды тыңдамаудың ақыры неге әкеліп соғатыны беймәлім. Ал, саналы ғұмырын осы саланы зерттеуге арнаған мамандардың мегаполистің тауға қарай өрлеуі қауіпті деп ескерткеніне көп болды.
Алматылық мамандар 9 балдық жасанды жер сілкінісін жасап, ғимараттардың дүмпуге шыдамдылығын тексерді. Арнайы құрылғылардың көмегімен жүзеге асқан сілкініс кезінде нысана құйын шайқаған емендей теңселгенімен, жарылып, қирамады. Негізінен бұл сынақ көпқабатты ғимараттың сыртқы жабындысының шыдамдылығын анықтауға бағытталған. Бірақ, бұл бар болғаны шартты оқу-жаттығуы сияқты жоспарлы тексеру ғана.
Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының директоры:
-Үлкен ғимараттарды былтырдан бері сынақтан өткізген жоқпыз. Ең соңғы сынақты 2015 жылы өткізген шығармыз.
Алатау бөктерінде осыдан 100 жыл бұрын 8-9 балға жететін жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мамандар «Тәңіртауында бұл құбылыс қайталануы бек мүмкін», - дейді. Мысалы, Жапонияда мұндай дүмпулер жиі қайталанып тұрады. Сондықтан, олар қауіптің алдын алуды ешқашан ұмытпайды. Ал, 1988 жылы Арменияның Спитак қаласында он мыңнан аса адамның мерт болып, жүз мыңдаған тұрғынның зардап шеккені әмбеге аян. Мұндай жағдай әлемнің кез келген нүктесіндегі таулы аймақта тіркелуі ғажап емес.
Қайрат Омаров, географ ғалым:
- Бір жапон ғалымы Алматының етегінде тұратын адамдардың барлығы батыр деген екен.
Жапондар батыр деп атаған шаһар тұрғындары тау етегінде тұру қауіпті екенін біледі. Алайда, екі миллионға жуық тұрғыны бар қаланы басқа жерге көшіру миға сыймайтын дүние. Сондықтан, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ғалымдар мен әкімдіктің ортақ міндеті.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
-1920-1930 жылдары Алаш арыстары «Алматының орталығы таудан алыс жазық далаға қарай созылып, бұрынғы қала жұрты тек туристік аймақ болуы қажет», деген ғылыми тұжырым жасаған. Бұл табиғаты көркем қаланың экологиялық жағын да ескеріп айтылған байлам еді.
Сондықтан, оқымыстылар 14 жыл бұрын Талғар маңындағы жотаның төмен көшіп, 28 адамның өмірін қиғанын және жуырда ғана Көлсай көлдеріндегі Малабек шоқысының ортасынан опырылып құлағанын айтып, тау көшкінінен сабақ алып әрекет етуді ескертеді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы