Демалуға барған бір топ отандасымыз Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қонақ үйлердің бірінде астан жаппай ұшынып қалғандарын мәлімдеді. Мамырдың 11-інен бері демалыстан оралған 7 бала қалалық ауруханаға түскен. Оларға жедел ішек инфекциясы диагнозы қойылған. Аурудың қандай бактерия қоздырғаны анықталып жатыр. 1 жастан асқан ұл бала бүгін жансақтау бөлімінен шығарылды. Аталған дерек бойынша Сыртқы істер министрлігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Асылбек Мұхамбеткереев мамырдың 8-і күні отбасымен БАӘ-нің Шаржы қаласындағы «Шертон» қонақ үйіне тұрақтайды. Бір апта бойы 3 баласымен шетелде демаламыз деп жоспарлаған еді. Алайда, тынығамыз дегендерінен тыныштық кетеді.
Асылбек Мұхамбеткереев, Астана қаласының тұрғыны:
- 9-ы күні таңертең қонақ үйдің тамағын іштік. Ойда ештеңе болған жоқ. Ол күні жақсы демалыс өтті. 10-ы күні отбасымызбен қала аралауға шықтық. Сол сәтте жолдасым «ішім, басым ауырып тұр», - деді. Одан дәл солай балаларым айтты.
Қонақ үйге келгенде «астан ұшындық» дегендердің көп екеніне көз жетеді. Олардың қатарында тек қазақстандық емес, Ресей, Украина, Беларусь елдерінің азаматтары да бар. «Шамамен 200-дей адам», - дейді кейіпкеріміз. Ал, отель әкімшілігі «улану» дерегін жоққа шығарады. Шетелдегі дәрігерлер ішін ұстағандарға «ротавирус» диагнозын қояды. Алайда, дертке шалдыққан қазақстандықтар бұған сенбейді. Соның айғағындай, отбасы 15-і күні елге келгеннен кейін 1 жастан асқан кіші ұлы қайта ауырып, балалар жұқпалы аурулары ауруханасына түседі. Бірақ, мұнда тек Қаһарман емес, мамырдың 11-нен бері 7 бала дәрігер көмегіне жүгінген. Жас шамасы 9 айдан 6 жас аралығында.
Ақмарал Мейірменова, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің бас маманы:
- Жедел ішек инфекциясы диагнозымен 7 жағдай тіркелді. Барлығы да өз ауруларын осы БАӘ «Шертон» отелінде 9 мамыр күні таңғы аста омлет және ірімшік қолданумен байланыстырып отыр. Барлығы да сол жақтан Қазақстанға сырқаттанып келіп отыр. 7 науқастың бесеуі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қалғандарына амбулаториялық ем тағайындалды.
Қазір бактериологиялық тексерулер жалғасып жатыр. Демаламыз деп дертке шалдыққан отбасы істі аяқсыз қалдырмайтынын айтады.
Асылбек Мұхамбеткереев, Астана қаласының тұрғыны:
- Моральдық, материалдық шығындарды толықтай қайтаруды талап етемін. Бір жыл бойы дайындалып, ақша жинап келген демалысымызды быт-шыт қылды.
Элла Мельникова, «Туроператор «Kompas» ЖШС қызметкері:
- Иә, осындай жағдайдың болғанын естідік. Бірақ, бізге әлі ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Біз туристік агенттік емеспіз, оператормыз. Яғни, көп қызмет көрсетушінің бірі ғанамыз. Егер улану дерегі нақтыланса, материалдық шығынды отель өтейді. Біз тиісті құжаттарды жібереміз.
Әзірге бұл жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.