Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 11 миллиард теңге бөлінді. Оның 6,7 миллиарды демеушілерге тиесілі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өңір басшысы Болат Бақауов мәлімдеді. Қомақты қаржы аясында 183 жоба жүзеге асады. Оның ауқымдысы - алыс-жақын шетелдерден келетін түрлі ұлт-пен ұлыстың басын қосатын «Ұлы дала елі» этнофестивалі.
«Ұлы дала елі» этнофестивалі Павлодар облысында биыл үшінші рет өтеді. Жыл сайын шараның ауқымы кеңейіп келеді. Былтырдың өзінде аймаққа Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты елдерден қандастырымыз келіп, фестивальге қатысқан адамдардың саны 70 мыңнан асқан.
Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:
- Биылғы жылы фестивальде дәстүрді жалғастырып, Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы, әнші Естайдың 150 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын атап өту, айтыс, термелер қою жоспарда бар.
Облыстың биылғы жоспары ауқымды. Нақтырақ айстақ, аймақта бағдарлама аясында мультимедиялық музейлік кешен мен 1200 адамға арналған концерт холлының құрылысы басталады. Ауылдық аймақтарда мәдениет үйлері мен бірнеше спорттық кешен салынады. Өңір басшысы тарихи нысандарға да ерекше көңіл бөлетіндерін айтты.
Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:
- Павлодар-Екібастұз қалалары арасында қазба жұмыстары басталды. Кейін деректі фильмдер түсірілетін болады.
Павлодар облысының киелі орындардың дені Баянауыл ауданында орналасқан. Сондықтан, осы аймақты одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Баянауылға апаратын жолдар күрделі жөндеуден өтіп, Мәшһүр Жүсіп әулие кесенесінің маңайы абаттандырылады.
Бақытжан ОМАР
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.