Алматыдағы толассыз жауын жұртты әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы толассыз жауын жұртты әбігерге салды

14.05.2018

Алматыда толассыз жауған жауынның салдарынан көшелерді су басып, көлік қозғалысы қиындады. Жерасты өткелдері суға толып, жұрттың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірді. Аяқасты бұзылған күн райына мегаполистің арық жүйелері мен инфрақұрылымы дайын болмай шықты. Тамшылап жауғанымен, көлгөсір көлге айналған суды кешкен тұрғындар жыл сайын қайталанатын жағдайды реттеуге жауапты жанның табылмағанына наразы.

Табиғатынан жаңбырды жақсы көретін Дінмұхамбет Қарпық бүгінгі нөсердің жүріп-тұруына кедергі келтіргеніне кімді кінәларын білмейді. Себебі, таулы аймақта көктем кезінде жауынның кез келген уақытта төпелеп құя салатыны көпке мәлім. Ал, бұған құрылыс нысандарының дайын болмағаны оның жолын бөгеді. Сондықтан, ол көлік ағыны үзілмейтін Райымбек даңғылынан өту үшін ат шаптырым жерді айналып жүруге мәжбүр.      

Дінмұхамбет Қарпық,  қала тұрғыны:

-Өте қиын жағдай. Жол жоқ, бөгелдік те қалдық.

Көлге айналған жерасты өткелдеріне жиналған жауын суы мектепке асыққан оқушыларды да жолынан қалдырды.

Жыл басынан бері қала төңірегіне түскен жауын-шашынның мөлшері 76 миллиметр болса, соңғы үш күнде 35 миллиметр болған. Жалпы, айлық норма 106 миллиметр болуы тиіс еді, алайда, осы айда жауын-шашын нормадан асып кетті. Сондықтан, мегаполистің төменгі жағындағы үйлерді су шайды.

Ерлан Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

-Арық жүйесі мен жаңа өзендер тұрмыстық қоқыстармен толып қалды. Қаланың арық жүйелері жауынның көлеміне төтеп бере алмады.

Төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сүйенсек, соңғы үш күнде шаһарда 24 су басу фактісі тіркелді. Оның ішінде 5 жекеменшік үй және 2 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су кірген. Сондай-ақ, 9 көшеде ағын су жүріп, көлік қозғалысын баяулатты. Жол су болғандықтан, жол апаты да жиілеп кеткен.

Артур Ғазизов,  қала тұрғыны:

-Бізде жауын жауған сайын көлік кептелісі ұзарып, жол-көлік апаты көбейіп кетеді. Мұның барлығы жүргізушілердің немқұрайлылығынан деп ойлаймын. Ауа райын кінәлай беруге болмайды.

Қалай дегенмен, қала тұрғындары мен жауапты мекемелер табиғаттың күрт құбылуына дайын болмай шықты. Бірақ, бұған арықтарды дер кезінде тазаламаған коммуналдық қызмет кінәлі ме, әлде сол арықтарды қоқысқа толтырған тұрғындар кінәлі ме, анықтау мүмкін болмай тұр.

Айта кетейік, Алматы облысының бірқатар таулы аумақтарында бүгін сел жүрді. Алайда, одан туристер мен тұрғындар зардап шеккен жоқ.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ            

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.                  

Хабарламаларға жазылу