Оңтүстік Қазақстан облысында тауда адасып кеткен екі студент құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында тауда адасып кеткен екі студент құтқарылды

14.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында тауға демалуға барып, адасып кеткен екі азамат құтқарылды. Шымкенттегі білім ордаларының бірінде оқитын студенттер демалыс күндері топпен Төлеби ауданы аумағындағы Ақмешіт шатқалына  көтерілген. Табиғатты тамашалап, тыныққан  соң  қайтуға қам жасаған топтан екі жас бөлініп, өзге соқпаққа түседі. Алайда, көп ұзамай олар жолдан адасып, құздың басында қалып қояды. Төменге түсуге өздерінің шамасы жетпейтін болған соң студенттер құтқарушыларға телефон соққан. Бірақ, оқиға орнына жеткен жасақтың жұмысына төпелеп жауған нөсер кедергі болды.

Құтқару жұмысы тек ертеңіне таң ата барып жалғасты. Жасақтағылар  арқанның көмегімен екі студентті 40 метр биіктіктен түсіріп алды. Екеуі де дін аман. Бүгін өңірде тап осындай оқиға тағы қайталанды. Сайрамсу шыңына демалуға шыққан оқушылардың бірі адасып кетіп, бір күн дегенде әрең табылды. Бұл биыл күн жылынғалы бергі төртінші оқиға. Мұндай жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты Төтенше жағдай қызметкерлері тауға шыққанда, суға түскенде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертіп отыр.

Талғат  Байсариев,  Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Бізге қазірге түскен дерек бойынша, аман-есен екен деген хабар келді. Барған құтқарушы топ қазір қайтуға дайындалып жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу