Александр Торкин: Жеңіске қол жеткізген кезде Германияда болдым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Александр Торкин: Жеңіске қол жеткізген кезде Германияда болдым

10.05.2018

Жыл өткен сайын сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, жеңіске қол жеткізген жауынгерлердің  қатары сиреп барады. Ардақты ардагерлерімізді сыйлап, құрмет көрсету - әр азаматтың парызы. Жеңіс күнінде «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Жас Отан» Жастар қанаты жасы 100-ге таяп қалған ардагердің мерекелік шараға қатысуына көмек көрсетті.

99 жасты еңсерген Александр Торкин соғыстың басынан аяғына дейін айқасқан ардагер. Денсаулығына байланысты 1,5 жыл үйінен шықпаған қарт бүгін аса қуанышты.

Александр Торкин, соғыс ардагері:

- Бұл күннің мен үшін маңызы зор. Жеңіске қол жеткізген кезде Германияда болдым. Бұл хабарды үлкен қуанышпен қарсы алып, айтуылы датаны 70 жылдан астам атап келеміз. Қазір жүріп-тұруым қиындап кетті. Бүгін келген жастарға ризашылығым шексіз. Осы балалардың арқасында халықпен мерекені атап өтемін.

Майдан кезінде ардагер Кенсберге дейінгі барлық қаланы азат етуге күш салған. Соғыс уақытында жауға снаряд жарықшақтарын дәлдеуші болған. Ұлы Александрдың айтуы бойынша әкесі 100 жасында да Ұлы Жеңісті халықпен мерекелеуді армандайды екен.

Александр Торкин,  ардагердің ұлы:

- Биыл әкем 99 жасқа келді. Келесі жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Әкемнің арманы – 100 жасында да елмен Ұлы Жеңісті атап өту. Бүгінгі шараға келуге көмек көрсеткен «Нұр Отан» партиясына үлкен рахмет.

Қарияларға  мерекелік шараны өз көздерімен көруге жағдай жасау мақсатында «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы «Соғыс ардагерлеріне көмектесейік» атты акцияны жүзеге асырған болатын.

Мархат Қасымов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Жас Отан» ЖҚ кеңесшісі:

- Аталмыш акцияның көптеген ардагерлерге пайдасы тигендігі, ал, жастардың соған атсалысып, Отан үшін жанын аямаған ата-әжелерімізге құрмет көрсеткеніміз - үлкен абырой.

Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы. Қай кез болмасын әрбір соғыс ардагеріне лайықты құрмет көрсетіліп, қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу