Бүгін - 9 мамыр Жеңіс күні! Сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 2 млн-ға жуық азамат қатысып, соның жартысынан астамы елге оралған жоқ. Сұрапыл соғысқа қатысқан барлық отандасымыз ерлік көрсетті. 500-ден астам адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бүгін осы Жеңіс күніне орай Мемлекет басшысы Алматы қаласында ардагерлерді құттықтады.
Соғыста опат болғандарға тағзым ету шарасы қаладағы 28-Панфиловшылар саябағында өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы саябақтағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Әлемді астан-кеcтен еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын біздің ел де көрді. Жасы 17-18-ден асқан бозбаладан бастап ер азаматтардың бәрі соғысқа аттанды. Ал, ауылда қалған бала да, ана да майдан үшін тер төкті. Оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешек дайындады. Яғни, жеңісті жақындатуға тылдағы еңбеккерлердің де қосқан үлесі зор. Қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыстан жоғалтқаны көп. Тер төкті, соғысты, жан берді, қан кешті. Бастысы, сол қан майданды жеңіспен аяқтады. «Қазір елімізде бейбіт уақыт. Сол аталардың ерлігін және бүгінгі бейбітшіліктің қадірін жоғары бағалайық», - деді, Елбасы өз сөзінде.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ