Таразда «Ерлік» мемориалды кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Ерлік» мемориалды кешені ашылды

09.05.2018

Жамбыл жұрты Жеңіс күнін жаңадан ашылған «Ерлік» мемориалдық кешенінде атап өтті. Қала шетінде орналасқан «Мәңгілік алау» осы кешенге көшіріліп, қайта жағылды. Батыр қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткіші саябақ төріне орнатылды. «Даңқ аллеясына» майдан даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі қашап жазылды. Майданда да, тылда да көзсіз ерлік көрсеткен 48 батырдың кеудесіне тағылған  Алтын жұлдыздар «Ерлік» мемориалының төрінен орын тапты. 

Жамбылдықтар Жеңіс күнін мерекелеуді қаланың әр аумағында орналасқан батырлардың ескерткіштері мен «Ерлік» мемориалдарына гүл шоқтарын қоюдан бастады. Жауынгерлердің өшпес даңқын дәріптейтін «Қаһарман ұлт» шеруі екі бағытта Жеңіс саябағына қарай жол тартты.

Ақшуақ Әліқұлов, шеруге қатысушы:

- Мен ата-бабаларым секілді батыр, ержүрек болғым келеді. Бұл ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Қала шетіндегі «Мәңгілік алау» салтанатты түрде «Ерлік» мемориалды кешеніне дейін жеткізілді. Қан майданда қаза тапқандардан қалған мәңгілік естелік – «Мәңгілік алау» енді осында үздіксіз жанып тұрмақ.

Несіпбек Таңатаров, соғыс ардагері:

- Әрқашан осындай тыныштық, осындай жақсылық, осындай мереке, думанды заман болсын.

Мәрзия Ибрагимова, Социалистік Еңбек ері:

- Соғыс болмасын, жұртқа тыныштық берсін.

Жеңіс күніне орай ашылған кешенде отты жылдардың шежіресі мен тарихы тоғыстырылған. Мұнда енді жамбылдық 105 мың жауынгер мен 48 алтын жұлдызды батырды соңынан ерткен қолбасшы Бауыржан Момышұлының қасқайып тұрған қайсар бейнесіне бейбіт өмірдің ұрпақтары тағзым ететін болады. 

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

- Ел тағдыры, жер тағдыры сын сағатқа түскен кезде, 400 мыңдай халқы бар бір ғана Жамбыл облысынан 100 мыңнан астам адам майданға аттанды. Қайсар мінез жерлестеріміз батырлық пен елжандылықтың жоғарғы үлгісін көрсетті. Ендігі жерде «Ерлік» мемориалы ұлы Жеңістің тарихи мұрасына айналмақ. Ол барша Жеңіс күнін жақындатқан соғыс майдангерлеріне жасалып отырған ұрпақтық парыздың тағы бір өтемі.

Отты жылдар тарихы тоғыстырылған «Ерлік» мемориалдық кешені енді жамбылдықтар жиі келетін орынға айналады. Әулиеата өңірінен қан майданға аттанған 105 мың майдангердің ұрпақтары батыр бабаларын бұрын үйде отырып еске алса, енді осында келіп тағзым ететін болады. Майдан даласында қаһармандықпен от кешкендердің  ерлік ісі ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың өткені – өнеге, тағдыры – тарих.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу