Бүгін – Жеңіс күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Жеңіс күні

09.05.2018

«Ер есімі-ел есінде.» Осындай атаумен бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Жеңіс күніне орай мерекелік жиын өтті. «Қаһарман ұлт» шеруімен басталған шараға көзі тірі майдангерлер, соғыс даласында құрбан болғандардың ұрпақтары бастап, бес мыңға тарта адам қатысты.

Жер бетіне бейбіт өмір сыйлаған бабаларымыздың жасампаз Жеңісі құтты болсын. Бұл мереке осындай қадыры үшін де қасиетті. Ата бабаларымыздың батырлығы мен ерлігі арқасында келген Жеңіс күнін Оңтүстік Қазақстан облысының халқы да ерекше салтанатпен атап өтті.

Жастары ұлғайғанымен жанарларынан қайсарлықтың лебі есіп тұрған ардагерлердің барлығы бүгін «Даңқ» мемориалында бір-бірімен қауышты. «Қаһарман ұлт» полкы сап түзеді. Олар орталық көшені бойлай жүріп отырып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. 

Жеңіске оңтүстік жұртшылығының қосқан үлесі ересен. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғысқа өңірден 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның жартысынан астамы елге оралмады. Майдан даласында 51 оңтүстікқазақстандық өжет ерлік көрсетіп, батыр атанды. Тағы 8 азамат «Даңқ» орденін кеудесіне тақты.

Шерім Медеуов, тыл ардагері:

- Отан соғысы тарих бойынша барлық соғыстардың ең қияметі болды. Себебі, 20 миллион адам, 60-тан астам ел қатысты. Мұндай ғаламат соғыс болған емес. Оның ішінде Қазақстан үшін де ауыр болды.

Биылғы Жеңіс мерекесін тойлау 174 ардагерге нәсіп етіпті. Олар салтанатты жиыннан соң әскери ботқадан дәм татып, шейіт болған майдангер достарын еске алысты.

Соғыс ұлтымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан, Жеңіс күні  ұрпақ үшін қастерлі мереке болып қала бермек. Бейбіт өмірді тарту еткен бұл күнді еліміздің барлық аймақтары да бүгін айырықша атап өтіп жатыр. Енді Сыр еліндегі ағайынның мерекелік көңіл-күйін әріптесімізден естіп білсек. 

Қызылордада мерекелік шара «Ұлы Жеңіс ұрпаққа аманат» деп аталды. Ел басына күн туған сәтте  жарқын болашақ үшін қолына қару алып, қан майданда күрескен қаһарман азаматтардың арасында сырбойылықтар да болды. 150 мың сарбаз қан майданда шайқасса, соның 60 мыңы кебенек киіп елге оралды. Алайда, жылдан-жылға қарт сарбаздардың қатары азайып барады.  Бүгінде 37-сінің ғана көзі тірі. 

Олардың ұрпақтары бүгін «Тағзым» алаңына жиналып, ел үшін жанқиярлықпен күрескен жауынгерлерге құрмет көрсетті, бейбіт өмір үшін күрескен жандардың еңбегі мен ерлігін ұлықтады, шейіт болған боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.  

Сондай-ақ, бүгін әскери қызмет мекемелері сап түзеді. Одан соң «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары  қойылды. Мұнан соң шараға қатысушылар арнайы дайындалған әскери ботқадан ауыз тиді.

Айта кетейік, 5 мыңнан астам азамат тылда ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетті. Бейбіт өмір үшін жан аямаған бұл жандарды құрметтеу - бүгінгі ұрпақтың парызы. Олар жеңісті жақындатуға үлес қосты.

Біздегі мерекелік шара осылай өтіп жатыр, сөзді жетісулық әріптесім Қуанышқа беремін.

Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда 20 соғыс ардагері қалса, облыс бойынша олардың саны 132. Бүгінгі барлық қошемет пен құрмет сол батыр қарияларымызға арналады. Өңір басшылары, қала тұрғындары, соғыс ардагерлерінің өздері де «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майданда қаза болғандар рухына тағзым етті. Жеңістің 73 жылдығын мерекелеу Жастар саябағында жалғасты. Бұл жерде əскери шатырлар тігіліп жауынгерлік ботқа әзірленді. Театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, соғыс жылдарындағы əндер шырқалды.

Талдықорған қаласында жеңістің 73 жылдығын мерекелеу әлі жалғасып жатыр. Дәл қазір Талдықорған атшабарында ұлттық ат спорты ойындарынан жарыстар өтуде. Ал, кешке дәл осы жерде мерекелік концерт пен мерекелік отшашу болады деп күтілуде.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ, Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ, Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу