Семейде Төкен Мұртазинге ескерткіш тақта орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Төкен Мұртазинге ескерткіш тақта орнатылды

09.05.2018

Семейде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері қоғам қайраткері Төкен Мұртазин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Мақсат - Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігін елге дәріптеу.  Төкен Жұмабайұлы ұлы Абайдың досы, әрі шәкірті болған атақты Көкбай Жанатайұлының туған жиені. Ол ақынның мұрасын зерттеу ісіне де өзіндік үлес қосқан.

Төкен Мұртазин 1941 жылы Алматыда музыкалық мектепте оқып жүріп, әскерге шақырылған. Батыс Беларусь майданында 108 атқыштар дивизиясының құрамында соғысады. Майдандағы ерлігі үшін ол Екінші дүниежүзілік соғыстың 1-дәрежелі орденімен, Қызыл Жұлдыз ордені және басқа да медальдармен марапатталған.

Қабдыл Ахметов, еңбек ардагері:

- Елге аман-есен қайтқаннан кейін халық шаруашылығына араласты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына үлес қосқан адам.

Төкен Жұмабайұлы өнерге деген ерекше құрметімен ерекшеленген жан. Ол әнге бала кезінен құштар болды. Оның бойындағы өнерге деген іңкәрлік нағашысы Көкбай ақыннан дарыса керек.

Төкен Мұртазин нағашысының заттарын жинап, мұражайға өткізеді. Кезінде ақынның шығармаларын іздеп, зерттегені үшін қызметтен де қуылады. Сол қиындықтарға қарамастан, жары Бәтимамен 9 бала тәрбиелеп өсіреді. Олардың әрқайсысы бүгінгі жетістіктерін ата-анадан алған өнегемен байланыстырады.

Қарлығаш Мұртазина, Т.Мұртазиннің қызы:

- Қай салада қызмет істесе де, әкеміз адами, азаматтық биіктен көрінді. Бізді патриоттық сезімге, адамгершілікке тәрбиеледі. Әкеміздің бізге қалдырған рухани байлығы, тәрбиесі өмірлік азық деп білемін.

Жақсының аты өшпейді. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Төкен Мұртазин зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмысқа белсене араласты. 

 

Рысгүл МАДВАСОВА

Хабарламаларға жазылу