Отан қорғауды қасиетті борыш қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан кәсіпке айналдырған «әскери әулеттер» аз емес. Осы орайда, Астанада енді қалыптасып келе жатқан әскери әулет тұрады. Отбасының Қазақстан Қарулы күштерінің Құрлық әскерінде қызмет еткендеріне 37 жылдан асып барады. Тұңғыш ұл да әке жолын таңдап, әскери институтта білім алып жүр. Олар Отанға қалтқысыз қызмет етуді қасиетті борыш санайды.
Подполковник Оспанбековтің жұмыс күні жалпы тәртіпке бағынудан басталады. Офицердің Қарулы күштерде қызмет еткеніне биыл - 23 жыл. Әскери өмірін Талдықорғаннан бастаған ол бауырларына еліктеп, батырлар жолын таңдаған. Взвод, рота командирі, танк бригадасының басшылығы секілді барлық сатыдан өткен. Полк, бригада, дивизияда тер төккен. Қазір кадр бөлімін басқарып, әскердің әлеуеті артуына үлес қосып жүр. Офицерлердің білім алуына да жауапты.
Болат Оспанбеков, Құрлық әскері Бас қолбасшысының басқармасы Кадр бөлімі және білім басқармасының бастығы:
- Кадр органдарының негізгі мақсаты – офицерлерді зерделеу, оларды дұрыс лауазымға тағайындау үшін Бас қолбасшыға дұрыс ұсыныс жасау. Қазіргі таңда біздің офицерлеріміз шетелге оқуға барады. Өзіміздің Ұлттық қорғаныс университетіміз бар. Сол жерде көп офицерлер оқиды. Қазір Ресейде, Қытайда, Үндістанда, Францияда, Германияда курстардан өтуде.
Болат Оспанбеков отбасында бақытты әке, сүйікті жар. Алғашқы еңбек жолы басталған Сарыөзекте өмірлік серігімен танысады. Әлия да әскери адам. Қауырт қызметімен қоса, үй шаруасын да ұршықша иіріп отыр. Мамандығы заңгер. 2004 жылдан Құрлық әскерінде қызмет етеді.
Әлия Оспанбекова, әскери қызметкер:
- 1999 жылы отбасын құрдық. Мен ол кезде жұмыс істедім. Ал күйеуім әскери болды. Жас лейтенант. Мені Сарыөзектегі горнизонға алып келді. Сонда 12 жыл тұрдық. Әскери әйелдер еркектер сияқты сапқа тұрамыз. Жүгіреміз, полигонға да шығамыз.
Әулетте тұңғыш ұл атаның жолын қуды. Әмір қазір әкесі оқыған әскери институтта білім алып жүр. Өз таңдауы. Офицерлікті нағыз ер азаматтың мамандығы деп біледі.
Әмір Кәрімов, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты:
- Әскери антыма адал болып, егеменді Қазақстан армиясының Отан қорғаушысы болғым келеді. Екіншіден, әкемнің жолын қуып, Қазақстан Қарулы күштерінің офицері атанып, көк байрағымызды желбіретіп, ел абыройын асқақтатқым келеді.
Бүгін жас әскери әулет үшін қадірлі күн. Қазақстан Қарулы күштерінің 26 жылдығында ұлттық әскердің деңгейі өсіп, мерейі артқанын мақтан етеді. Мерекелік дастархан жайылып, отбасы Отан үшін тек бейбіт күнде қызмет етуді тілесті.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ