Оралдағы «Зенит» зауыты «Барыс» деп аталатын соны кемені құрастырып жатыр. Құрыш құрсанған катер әлемдік тәжірибедегі озық технологиямен жасалуда. 7 балдық дауылға шыдайтын алып көлік 10 тәулік бойы айлаққа оралмай дербес жүзе алады. Жалпы, кеме құрастыру саласының флагманы саналатын кәсіпорын бүгінге дейін 27 су көлігін құрастырып, айдынға жіберді.
Үмбет Сәметов зауытта 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. Білікті дәнекерлеуші осы уақытқа дейін құрастылған барлық кеменің құрылысына қатысты. Ал, «Барыс» оның қолға алған 10-шы жобасы. «Таудай толқынға шыдас беретін су көлігін дайындау асқан ыждаһаттылықты талап етеді», - дейді маман.
Үмбет Сәметов, дәнекерлеуші:
- Жауапкершілігі өте зор. Мұқият жасау керек.
«Барыс» елдің теңіздегі шекарасын қорғайтын болады. Кеменің ұзындығы - 42 метр. Су ығыстыратын күші - 240 тонна. Алып машинаның өзгелерден артықшылығы, қарсыласқа қасқайып тұрып, жаудың көзін жоюға қауқарлы. Ашық теңізде 10 тәулікке дейін дербес жүзе алады.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Қазіргі таңда теңіз көлігі 50 пайызға дайын тұр. Сыртқы сұлбасы қаланып, ішкі жұмыстар атқарылуда. Ал, мынау алып кеменің жүрегі. Барлық механизмдер осында орналасады. Кемеге қажетті жанар-жағармай, электр жарығы осы орталықтан беріледі.
Кемені толық құрастырып шығу үшін әлі бір жыл уақыт керек. Мамандар осыған дейін еліміздің теңіздегі қақпасын мүлтіксіз қорғауы тиіс 5 кеме жасап шығарған. Қазір олар шекара шебінде елдің тыныштығын күзетуде.
Богдан Хомко, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ директорының орынбасары:
- Өкінішке орай, осы кемені қаржыландыру мәселесі кешеуілдеп тұр. Сондықтан, өзге жобаларды бастай алмай отырмыз. Қосымша табыс көзі болсын деп мұнай-газ саласына қажетті құралдарды да жасап жатырмыз.
Алдағы уақытта кәсіпорын жаңа үлгідегі «Көгершін-450» және «Көгершін-650» катерлерін жасауды қолға алмақ. Осылайша, зауыт ұжымы елдің тыныштығы мен тұтастығы үшін талмай еңбектене бермек.
Назерке ТОҚЖАН
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.