Отан қорғаушылар күніне орай «Отар» полигонында жауынгерлік парад өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отан қорғаушылар күніне орай «Отар» полигонында жауынгерлік парад өтті

07.05.2018

Бүгін 7 мамыр Отан қорғаушылар күні. Бүгін Жамбыл облысындағы «Отар» әскери полигонында осы мерекеге орай жауынгерлік парад өтті. Оған Жоғарғы Бас қолбасшы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жауынгерлерді және барша халықты бүгінгі мерекемен құттықтады. Полигонда өткен жауынгерлік парадта әскери техникалардың барлығы ұрысқа қатысты. Өз мүмкіндіктерін көрсетті. Қазақ әскерінің айбыны, қуаты, ұрыс қимылындағы шеберлігі көпшіліктің көңілінен шықты.

Жауынгерлік парадтың Қарулы күштер үшін маңызы зор. Бұл жерде жауынгердің де, техниканың да барлық мүмкіндігі көрсетіледі. Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында жауынгерлік рух пен әскери мобильдік қозғалыстың сыналар сәті бұл. Елбасы сарбаздарман сәлемдесіп, барша халықты бүгінгі мерекемен құттықтады.

Жауынгерлік парад барлық облыс және Алматы мен Астана қаласының әкімдеріне Елбасы атынан Ту тапсырумен басталды. Одан кейін барлық саладағы сарбаздар сап түзеп шерумен өтті. Жауынгерлік парадтың ерекшелігі осыдан кейін көрінді. Әскери техникалар ұрыс алаңына кірді. Әуелі, заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және «Прима» дүркіндетіп отшашу зымыран жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашқыш зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымыран атып, бомба лақтырды, сондай-ақ, барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және әскери авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе шайқасын көрсетті. «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.

Мұндай жауынгерлік парадты өткізудің мақсатты жоспары бар. Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай, тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін.

Биылғы шерудің бұрынғыдан ерекшелігі көп. Мәселен, осы жолы барлаушылар мен арнайы құрамдардың қарым-қабілеті нақты соғыс қимылында, заңсыз әскери топтардың базасын басып алу сәті арқылы көрсетілді. Әскери авиацияның жаңарған С-295 транспорттық ұшағы мен СУ-30 көп бағытты истребительдері де жоғары ұшу шеберліктерін көрсеттді. Бұдан басқа, МИ-17 тікұшағы, америкалық көп бағытты Хьюи тікұшағы, Е-145 еврокоптері, ракеталық соққы беретін МИ-35 ұшақтары ұрыс алаңында өз мүмкіндіктерін паш етті. Жауынгерлік парад елімізде осымен екінші рет өтуде. Алғаш рет дәл осы жерде 2013 жылы өткен. Сол кезде әр бес жыл сайын осындай жауынгерлік парад өткізу туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, мұндай жауынгерлік парад ТМД елдерінде өткізілмейді. Басты мақсат -техникалардың және сарбаздар дайындығын пысықтау, сынақтан өткізу. Бұл жолы да жауынгерлік парад жоғары деңгейде сәтті өтті. Соңында сарбаздар осы күндері аса танымал болған «Мен қазақпын» әнін Елбасы алдында шырқады.

Бұл тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген еркін ұрпақтың әні. Бұл бодандық қамытын киіп көрмеген жаңа буынның әні. Бұл көк аспанды төл әнімен жаңғыртқан рухы биік жастардың әні. Бұл - Ұлы дала елінің қуатты армиясының айбынды, айбатты ұлдарының әні.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу