Еліміздің Қарулы күштерінің тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің Қарулы күштерінің тарихы

07.05.2018

Халқымыздың сенімді тірегі, еліміздің берік қалқаны Қарулы күштеріміздің тарихы, әлеуеті мен құрылымына тоқталып өтсек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның қарамағына ел аумағында орналасқан барлық әскерлер кірді. Қорғаныс министрлігінің құрамында 3 құрылымдық әскер бар. Олар құрлық әскерлері, әуе қорғаныс және әскери теңіз күштері.

Құрылымдық әскерлердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. Құрлық әскерлері 2009 жылдың 20 сәуірінде Президент Жарлығымен құрылды. Міндеттері: Кез келген агрессияға тойтарыс беру;  Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау; Мемлекеттік және әскери объектілерді күзету; Шекараның құрлықтағы бөлігін бекем ету; Бітімгершілік және өзге де тапсырмаларды орындау.

Әскери-теңіз күштері 2003 жылдың 7 мамырында құрылды. Негізгі әскери қимыл аудандары - Каспий теңізінің шекара аймақтары. Қазақ әскери-теңіз күштерінің құрамында 3 мың адам және 14 кеме бар. 2011 жылы Ақтау қаласында әскери база ашылды. Ақтаудағы 612-ші әскери базасы екі СУ-35, жеті СУ-27 шабуылдаушы ұшақтармен және 12 МИ-24 тікұшақтарымен жарақталған. 

Әуе қорғаныс күштері 1998 жылдың 1 маусымында құрылды. Бұл – Қазақстан қорғанысының флагманы. Міндеттері: Елдің әуе шебін қорғау; Мемлекеттік, әкімшілік және әскери объектілерді әуе шабуылынан қорғау. Әскери құрылым жылдамдығы дыбыстан да жоғары - МиГ-31, МиГ-29, МиГ-27 және Су-27 бомбалаушы, жойғыш ұшақтармен жарақталған.

Ал, бірегей зениттік зымырандық жүйелер берік қалқан. Мәселен, С-300, шалғайда қолданылатын С-200, орта қашықтықтағы С-75 және жақын қашықтықтағы С-125 кешендері әуе күштерінің мақтанышы. Олар қарсыласты биіктік пен жылдамдықтың барлық диапазондарында жоюға қауқарлы.

Хабарламаларға жазылу