Маңғыстаудағы Каспий теңізін күзеткен шекара қызметіне биыл - 10 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы Каспий теңізін күзеткен шекара қызметіне биыл - 10 жыл

07.05.2018

Айбынды әскеріміздің құрамында әскери-теңіз күштерінің орны бір бөлек. Осы орайда Маңғыстаудағы Каспий теңізін күзеткен шекара қызметіне 10 жыл толып отыр. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағындағы жағалау күзетіне жаңа техника табысталады. Екі бірдей алып кеме сатып алынып, қолданыстағы катерлердің техникалық жүйелері жаңартылады.

Каспий теңізінің шекарасын сауысқандай сақтықпен, қырандай қырағылықпен бақылайтын шекарашылардың жүгі ауыр. Олар таңнан кешке дейін браконьерлердің басынуынан, қарақшылардың қанағатсыздығынан, шекараға көз тіккендердің кесірінен тәулік бойы қорғайды. Міне, «Жеңіс» әскери кемесі әскери жорыққа дайындық үстінде.

Кемелердің мінсіз қызметін қамтамасыз ететін Арман Майлыбаев - Шығыс Қазақстанның тумасы. Теңізді түсінде де көрмеген. Бірақ, шексіз шекара, түпсіз тұңғиық, айбарлы адуын теңіз жалындаған жастың жігерін жаныды.    

Арман Майлыбаев, шекарашы:

- Теңіз өзінің қызықтарымен толы. Теңізге шығамыз. Бала кезімнен теңізге шығамын деп ойламағанмын. Бұл маған үлкен бақыт сияқты болды. Үлкен теңізді көрдік. Шекарамызды қорғап жүрміз. Қаншама браконьерлерді ұстадық. Қаншама желге, толқынға қарсы тұрдық. Сондай қиыншылықтар болды. Сонысымен қызықты.

Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің жағалау күзетіне биыл 10 жыл. Бір айдан соң су жаңа кемелер қатарға қосылады. Су көліктерінің бағасы, шамамен, үш миллиард теңге. Алып кемелер бұған дейінгі қолданыстағы техникадан әлдеқайда жылдам, әрі қуатты.

Әлібек Қайыпов, ҚР ҰҚК ШҚ Жағалау күзеті өңірлік басқармасының басшысы:

- Бұл кемелер Орал қаласындағы «Зенит» зауытынан шығатын отандық техника. Қысы-жазы Каспийді бақылауға мүмкіндік береді. Қыста мұзбен, жазда топырақпен жүреді. Оның жылдамдығы браконьерлердікінен әлдеқайда жоғары.

Жағалауы 2500 шақырымға созылған Каспийдің қауіпсіздігін үш мыңнан астам шекарашы күзетеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері әскери теңіз күштерінің әлеуеті артты. Ерекше қуатты құрылымда қызмет еткен сарбаздар тулаған теңіз толқындарымен арпалысып жүріп, ел шебін қырағылықпен қорғай бермек.

 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу