Биікті бағындырған ұшқыш қыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биікті бағындырған ұшқыш қыз

07.05.2018

Қазақ тарихында ел басына күн туған кездері ерлермен бірге жауға қарсы шығып, тойтарыс берген батыр қыздар аз болмаған. Солардың бірі - Екінші дүниежүзілік соғыста әскери ұшақпен аспан төрінде ерлігімен танылған Хиуаз Доспанова.

Бүгінгі бейбіт заманда сол батыр апаларымыздың ізін қуған қыздарымыз да бар. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің тұңғыш ұшқыш қызы - Ардана Ботай жуырда «Л-39» ұрыс ұшағын алғаш рет өздігімен басқарып, сынақты ойдағыдай тапсырды.

Көксеңір аспанда әуе кемесін бағындырған қаршадай қыз Қарағанды облысының Балқаш қаласы маңындағы 53-898 әскери бөлімінде қызмет етеді. Жастайынан күміс қанат самұрықпен биікті бағындыруды армандаған қайсар мінезді Арданамен тілшіміз Руслан Нұрланұлы жүздесіп қайтты.

Бұл Ардананың ұшу сынағын ойдағыдай тапсырған сәті. Қайсар мінезді қыз Қарағанды  облысының  Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінің тумасы. Ол 16 жасында азаматтық авиация академиясына оқуға түседі.

Сөйтіп, оқу-жаттығуға арналған жеңіл ұшақтарды басқаруды үйренеді. 2010 жылы Ан-26 әскери-көлік ұшағы экипаж командирінің көмекшісі болып еңбек жолын бастаған. Қазір Балқаштағы 58898 әскери бөлімде қызмет етіп жүр.

Ардана Ботай, ұшқыш:

- Кез келген таңдауды жасағанда оған деген ынтаң, талпынысың болуы керек. Әскери ұрыс ұшағын басқару маған ұнайды. Көк аспанда жүзген кеменің қожайыны өзіңсің. Ал, ең кереметі жоғары жылдамдық.

Нағыз әскери адамға қажетті темірдей төзімділік, өжеттік, салмақтылық және еңбекқорлық қасиеттер бір бойынан табылатын Ардана айналдырған 2 айда Л-39 ұрыс ұшағын меңгеріп алды. Ол осы уақыт аралығында 48 рет әуеге көтеріліп, жалпы, 12 сағаттық жоспарлы жаттығуды ойдағыдай орындаған. Ағылшын тілін еркін меңгерген лейтенант Ардана Ботай азаматтық авиацияда сөзсіз ең жоғары жалақы алатын пилоттардың бірі болар еді.

Тимур Ееспағанбетов, 53898 әскери бөлімінің командирі, полковник:

- Біздің орталыққа қыз бала келеді деп еш күтпедік. Тіпті онымен жұмыс істеуге дайын емес едік. Азаматтық авиацияны көрсеңші деген ұсынысымызға ол өзі қарсы болды. Бала күнгі арманы әскери ұшқыш болу екенін айтты. Сөйтіп, қарындасымызды қамқорымызға алған жайымыз бар. Өте өжет қыз.

Бүгінде Ардананы барлығы «Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, атқыш-штурман Хиуаз Доспанованың ізбасары», деп ерекше құрметтейді. Қазақта батыр қыздар аз болмаған. Ақ арманы ақиқатқа айналып, көксеңгірін бағындырған Ардана сол сабақтастықтың жалғасы.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу