«Отар» әскери полигонында жауынгерлік парад өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Отар» әскери полигонында жауынгерлік парад өтті

07.05.2018

Бүгін 7 мамыр Отан қорғаушылар күні. Осы күні Жамбыл облысындағы «Отар» әскери полигонында жауынгерлік парад өтті. Оған Жоғарғы Бас қолбасшы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жауынгерлерді және барша халықты бүгінгі мерекемен құттықтады. Осы жауынгерлік парад өткен әскери полигонда тілшіміз Ғабит Ұзақбай тікелей байланысқа шықты.

Жауынгерлік парадтың қарулы күштер үшін маңызы зор. Жылда Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдында сарбаздар сап түзеп, әскери техника тек шаңдарын сүртіп қана жүріп өтеді. Ал, бұл жерде жауынгердің де, техниканың да барлық мүмкіндігі көрсетіледі. Атады, жарады, тіпті, әуеден шабуыл да болды. Жауынгерлік парадқа қатысқан Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев сарбаздарман сәлемдесіп, бүгінгі мерекемен құттықтады.

Жауынгерлік парадта сап түзеп өткен сарбаздардың шеруінен кейін әуе техникаларының жұмысы көрсетілді. Реактивті ұшақтар, жойғыш шабуылдаушы ұшақтар нысанаға оқ жаудырды. Берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты. Осы жерде барлық әуе техникаларының зор мүмкіндігін көруге болады. Сыртқы көрінісі әдемі болып көрінгенімен бұл техникалардың соққылары жойқын. Ал, қазақтың жері кең ұшқан құстың қанаты талады. Сол кең байтақ даланы қорғау үшін бұл әуе техникаларының атқарар міндеті зор. Бұдан кейін ауыр техникалардың шабуылы көрсетілді. Танкілер және танкіге қорғаныш бола алатын қосалқы техникалар ұрыс алаңында. Бұл жерде техникалардың барлығы бүкіл мүмкіндіктерін көрсетті. Снаряд та атылды, оқты да жаудырды. Сарбаздардың да атыс құралдарын басқару жұмыстары түгел көрсетілді.

Жалпы, осы жауынгерлік парадқа үш мың әскери қызметші, үш жүз әскери техника, қырық ұшу аппараты қатысты. Жауынгерлік парад елімізде осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғаш рет дәл осы жерде 2015 жылы өткен. Сол кезде әр бес жыл сайын осындай жауынгерлік парад өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Айта кетейік, мұндай жауынгерлік парад ТМД елдерінде өткізілмейді. Басты мақсат - техникалардың және сарбаздар дайындығын пысықтау, әскери базада сақтап қоймай. Бұл жолы да жауынгерлік парад жоғары деңгейде өтті. Соңында сарбаздар Елбасы алдында рухты көтеретін «Мен қазақпын» әнін шырқады. Жауынгерлік парадты көріп үлгермеген көрермендеріміз болса, кешке тағы да қайталайтынын еске саламыз.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу