Отан қорғаушылар күні Алматыда да сән-салтанатымен өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отан қорғаушылар күні Алматыда да сән-салтанатымен өтуде

07.05.2018

Бүгін қала тұрғындары Абай алаңына жиналды. Қонақтар алдымен, ел тыныштығы үшін ерлік жасап, қыршын кеткен қаншама боздақтарды еске алды. Ал, аға буын өкілдері бүгінгі жас ұрпаққа батыр бабалардың ерлігін айтып, ұлттық намысын жаныды. Тілшіміз Амангелді Сейітхан сол жерден тікелей эфирге қосылды.

Елдігіміздің тірегі болған Отан қорғаушылар күніне арналған Алматыдағы мерекелік шара әлі де жалғасып жатыр. Республика сарайының алдындағы Абай алаңында биыл әскерге шақырылған жас сарбаздарды Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына шығарып салу шарасы өтуде. Мұнда жиналған соғыс және тыл ардагерлері, қоғам қайраткерлері әскерге шақырылған жас сарбаздарға сәттілік тілеп, Тәуелсіз еліміздің айбынды армиясын құру жолында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал, барлау бөлімшесінің десанттық-шабуылдаушы әскерлері жауынгерлік қойылымдар көрсетіп, мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық әндер шырқады. Ал, менің қасымда биыл ғана әскерге шақырылған жас сарбаз Айбар Асхатұлы тұр. Айбар, мереке құтты болсын. Борышыңды өтеуге әскерге аттанып бара жатсың,. Бүгінгі көңіл-күй қандай?

Айбар Асхатұлы, жас сарбаз:

- Көңіл-күй тамаша. Тіпті, керемет деп те айтуға болады. Отан қорғау әрбір азаматтың борышы болғандықтан, мен өз борышымды адал орындау үшін сарбаз қатарына қосылдым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Алдағы үш күнде Алматыда түрлі мерекелік шаралар өтеді. Мәселен, Құлагер ықшам ауданындағы ипподромда «Ұлы дала ойындары» халықаралық ұлттық спорт мерекесі жалғасуда. Содай-ақ, бүгін кешкі сағат 10-да Сайран көлінің жағасында мерекелік от-шашу да жоспарланған.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу